![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізіп, аудан аумағындағы бірқатар нысандардың жағдайымен танысты. Қала басшысы 17-шағынауданға, “City Park” саябағына, Молдағұлова көшесіндегі №6 көпқабатты үйдің ауласына және Ескі қалашық аумағына барды.
Кездесу барысында тұрғындар мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіпкерлік нысандарының қызметі, қараусыз қалған жануарларды аулау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жағдайы жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау мен олардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы мәселелері де назардан тыс қалмады.
Қала әкімі абаттандырылған аумақтарды таза ұстау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, балалар мен спорт алаңдарындағы жабдықтардың бүлінбеуіне тұрғындардың өздері де жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты. Мұндай нысандар тұрғындардың ортақ игілігі болғандықтан, олардың сақталуы көп жағдайда қоғамдық мәдениет пен жауапкершілікке байланысты.
Кездесуде қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері де көтерілді. Тұрғындар түнгі уақытта тыныштықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына қосымша бейнебақылау камераларын орнатуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Бұдан бөлек, тұрғындар жекелеген ғимараттар мен құрылыстардың заңдылығын тексеруді, тұрғын үй ғимараттарының нысаналы мақсатын коммерциялық қызмет жүргізу үшін өзгерту мәселесін қарастыруды сұрады. Қала әкімі көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмауы қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға әрбір өтінішті пысықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Көшпелі кездесулердің негізгі мақсаты – аумақтардың жағдайын жергілікті жерде зерделеп, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау және бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелерді нақтылау. Мұндай формат қаладағы өзекті мәселелерді жедел анықтап, олардың шешілу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
