![]()
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Шымкент қаласында технологиялық экожүйені қалыптастыру, жастардың IT саласындағы әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жастарды, IT-мамандарды және стартап-командаларды біріктіретін «Shymkent IT HUB» технопаркі маңызды алаңға айналып отыр.
Технопарктің негізгі міндеттері – IT-қоғамдастықты дамыту, жастардың цифрлық дағдыларын жетілдіру және инновациялық бастамаларға қолдау көрсету. Осы мақсатта биыл «Shymkent IT HUB» базасында IT-қоғамдастықты нығайтуға және стартаптарды қолдауға бағытталған 44-ке жуық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 1041 адам қатысты.
Сонымен қатар, 168 студент өндірістік және оқу тәжірибесінен өтіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған бағдарламаларға қатысты. Бұл бастамалар жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне және IT саласындағы кәсіби бағдарын айқындауына жол ашады.
Инновациялық идеяларды ілгерілету және стартаптарды қолдау бағытында 5 стартап-жоба іске асырылып, 2 хакатон өткізілді. Аталған іс-шаралар қатысушыларға өз жобаларын таныстыруға, тың идеяларын ортаға салуға және әзірлеген технологиялық шешімдерін жетілдіруге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда технопарк резиденттері қатарында “QazTracker”, “Alaqan”, “Puls.kz”, “Art Code”, “Florax” және “Qalam AI” жобалары бар. Бұл жобалар түрлі бағытта жұмыс істеп, өңірдегі IT-кәсіпкерліктің дамуына және инновациялық бастамалардың өрістеуіне үлес қосып келеді.
Жалпы, «Shymkent IT HUB» технопаркінің қызметі қаладағы IT саласын дамытуға, жастардың цифрлық құзыреттерін арттыруға және жаңа стартаптарды қолдауға бағытталған. Мұндай бастамалар жастардың технологиялық білімін тәжірибемен ұштастыруына, инновациялық идеяларын жүзеге асыруына және өңірдің цифрлық даму үдерісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
“Алдағы уақытта да технопарк базасында IT-қоғамдастық аясын кеңейту, стартап-жобаларды қолдау және Шымкенттің технологиялық экожүйесін одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады”, — дейді жауаптылар.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
