Түркістандағы саммитте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына “GovТeсh” цифрлық шешімдері таныстырылды

Loading

Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті нығайту бастамалары жайында мәлімет берілді.

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ.

Бүгінде Қазақстанда “Starlink” және “OneWeb” компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.

Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзірбайжан мемлекеттерімен бірлесіп, “CubeSat” ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған.

Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. “eGov AI” асситенті, “AlemGPT” платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызметтерді анағұрлым жетілдіре түседі.

Қазақстанда мектептер мен “TUMO” орталықтарынан бастап, арнаулы “AI Research” университеттерде жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді.

Халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар мен стартаптар тоғысатын орынға айнала алады. Онда зерттеу жұмыстарынан жаңа өнімді қолданысқа енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады.

Президенттерге көлік-логистика кешенін цифрландыру жұмыстары таныстырылды. Салаға жасанды интеллектіні енгізу үдерістерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға жол ашады.

Бұған дейін Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру жөнінде бастама көтергені белгілі. ТМҰ-ға мүше елдер бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды. Қазақстан тарапы өз бастамасын қуаттағаны үшін серіктестеріне алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның арасында сан ғасырлық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқталды.

– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының тереңнен тамыр тартатын бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығайтуға, ортақ құндылықтарымызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі атынан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал, Түркістан – оның қастерлі қазынасы, рухани астанасы. Киелі шаһар тұтастығымыздың нышаны, төл өркениетіміздің алтын бесігі саналады. Сондықтан біз ертең өз жұмысын бастайтын Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін Түркістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Алқалы жиын ағайын елдердің арасын жақындатып, ықпалдастығын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You