![]()
Сауран ауданында елді мекен көшелерін жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жаңа жарық шамдары орнатылып, энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге басымдық берілуде. Атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, ауылдардың түнгі келбетін жақсартуға бағытталған.
Қазіргі таңда аудандағы 12 ауылдық округтің 218 көшесі жарықтандыру жүйесімен қамтылған. Олардың жалпы ұзындығы 242,3 шақырымды құрайды. Бұл аудан көшелерінің 27 пайызына тең. Көше жарықтарын орнату және күтіп ұстау жұмыстарын «Сауран жол қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асыруда.
Жарықтандыру саласында заманауи әрі үнемді шешімдерді қолдану да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Қарашық және Шорнақ ауылдық округтерінде күн энергиясымен жұмыс істейтін көше шамдары орнатылған. Мұндай жүйелер электр энергиясын тұтынуды азайтып қана қоймай, баламалы қуат көздерін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – коммуналдық шығындарды оңтайландырумен қатар, қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге бағытталған тиімді тәсіл.
Жұмыстардың тағы бір ерекшелігі – жарықтандыру құрылғыларының жергілікті жерде өндірілуі. Ауданда орнатылып жатқан шамдарды Сауран аумағында орналасқан «Dias Comp» компаниясы шығарады. Осылайша, көше инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары отандық өнімді қолдаумен және жергілікті өндірістің дамуына үлес қосумен ұштасып отыр.
Жалпы, көшелерді жарықтандыру – елді мекендердің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық бағыт. Аудандағы бұл жұмыстардың жалғасуы тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға, ауылдардың көркін арттыруға және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
