Сауран ауданындағы Қарашық ауылдық округінде инвестиция көлемі артып, 224 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде

Loading

Сауран ауданының Қарашық ауылдық округінде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Биыл ауыл шаруашылығы саласына 939,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 10 гектар аумақта индустриялық аймақ құрылуда. Ондағы кәсіпкерлік жобалар толық іске қосылған жағдайда 224 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Бұл туралы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың Қарашық ауылдық округінің тұрғындарымен өткен есептік кездесуінде айтылды. Басқосуда 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланды. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды.

Есептік баяндама жасаған ауылдық округ әкімі Сәкен Оразбаев ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қарашық ауылдық округі экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл бұл салаға 700 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланғанымен, есепті кезеңде нақты 939,8 миллион теңгенің инвестициясы игеріліп, жоспар 134,26 пайызға орындалған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8,5 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ 2 600 гектар егістік алқабы толық игеріліп, егіннің өнімділігін арттыру мақсатында 1 000 тонна минералдық тыңайтқыш қолданылған.

Округте кәсіпкерлік әлеуетті арттыру және өндірістік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары да жалғасуда. Қарашық елді мекенінде 10 гектар аумаққа индустриялық аймақ құрылып, қазіргі таңда 20 кәсіпкерге жер учаскелері бөлінген. Оның ішінде 11 кәсіпкерлік нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, әрлеу кезеңіне өткен. Тағы бес нысанның құрылысы жүргізілуде. Жобалардың жалпы инвестициялық құны 2,86 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпкерлік нысандар толық пайдалануға берілгенде 224 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына және округ экономикасының дамуына серпін беретін маңызды бастама болмақ.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға да көңіл бөлінген. Атап айтқанда, Қарашық және Құмтүйін елді мекендерінде тереңдігі 400 метр болатын екі тік ұңғыма қазылып, пайдалануға берілді. Электрмен жабдықтау жүйесін жақсарту аясында Ш. Ганиев көшесіне 350 метр СИП кабелі тартылып, Шыпан жолы көшесіне трансформаторлық қосалқы станция орнатылған.

Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан Қарашық елді мекеніндегі төрт көшеде жалпы ұзындығы 4,3 шақырым электр желісі жаңартылып, 160 бағана ауыстырылған. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға және желілердің сенімділігін арттыруға бағытталған.

Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша да бірқатар жұмыс атқарылған. Қарашық елді мекеніндегі сегіз көшеге 4,5 шақырым, ал Құмтүйін елді мекеніндегі бес көшеге 3,5 шақырым тас төселген.

Есептік кездесу барысында тұрғындар ауылдың алдағы дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым тарту, тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын жаңарту, Қарашық елді мекенінің төменгі бөлігіндегі ауыз су тапшылығын жою және Құмтүйін ауылында мектеп салу мәселелері айтылды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелердің әрқайсысын тиісті сала басшыларымен бірлесе қарастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін инвестиция тарту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың тұрмыс сапасын арттыру алдағы уақытта да негізгі басымдық болып қала беретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тұрғындар көтерген мәселелер назарға алынып, олардың шешілу барысын тиісті жауапты мекемелердің бақылауына алу қажеттігі айтылды. Жалпы, Қарашық ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар елді мекендердің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You