Сауран ауданындағы Жүйнекте 7 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 610 жұмыс орны ашылады

Loading

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарларын баяндады. Жиында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы, кәсіпкерлікті қолдау және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мәселелері сөз болды.

Бүгінде Жүйнек, Шыпан және Шекербұлақ елді мекендерінде жалпы саны 11 737 тұрғын тұрады. Округ экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Бұл бағыттағы инвестициялық жобалардың жалпы көлемі 1 миллиард 844 миллион теңгеге жеткен. Су ресурстарын тиімді пайдалану және егін өнімділігін арттыру мақсатында тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, 960 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Мұндай тәсіл су шығынын азайтып, егістік жерлердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Округтің экономикалық әлеуетін көтеруде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалардың орны ерекше. Қазіргі таңда құрылыс материалдарын өндіретін цех, жиһаз жасау өндірістері, үстел мен орындық шығаратын кәсіпорын және халыққа қызмет көрсету нысандары бойынша бес ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың жалпы құны 6 миллиард 550 миллион теңгені құрайды. Жобалар толық іске қосылған кезде 610 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ауылдық округте жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да жол ашады.

Өндірістік алаңды игеру жұмыстары да жалғасуда. Мұнда жер учаскелерін алған 14 кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыруға ниетті. Жоспарланған өндіріс бағыттары сан алуан: кондитерлік өнімдер, пластикалық ыдыстар, сүт өнімдері, медициналық киімдер, жиһаз, нан-тоқаш өнімдері, мал азығы және ауыз суды өңдеу. Бұл жобалардың жүзеге асуы Жүйнектегі кәсіпкерлік ортаны кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарының қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті жерде өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, тұрғындардың сұранысын отандық тауарлармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Ауылдық округте өндірістік нысандармен қатар, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстар да жүргізілуде. Электрмен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Жүйнек елді мекеніндегі бірнеше көшенің электр желілерін жаңартып, тозығы жеткен трансформаторлар мен бағаналарды ауыстырған. Түркістан–Қарнақ автомобиль жолының бойындағы істен шыққан 200-ге жуық жарық шамы жаңартылып, қосымша бейнебақылау жүйелері орнатылған. Бұл жұмыстар жол бойындағы қауіпсіздікті арттыруға және түнгі уақытта қозғалысқа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жүйнек және Шыпан елді мекендеріндегі бірқатар көшеге демеушілердің қолдауымен тас төселген. Ауыл тұрғындары асар дәстүрін жалғастырып, өз күштерімен үш көпірді қайта жаңартып, пайдалануға берген. Бұдан бөлек, аялдамалар жаңартылып, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылған. Осындай ортақ іске жұмылу ауыл тұрғындарының туған жерді көркейтуге деген жанашырлығын көрсетеді.

Есептік кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Атап айтқанда, тұрғын үй салуға арналған жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым тарту, Алмасбай тоғанын қалпына келтіру, ауыз су жүйесін кеңейту, электр бағаналарын жаңарту, көшелерді асфальттау және ауылішілік қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұл мәселелер тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты болғандықтан, оларды кезең-кезеңімен шешу қажеттігі атап өтілді.

Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселені назарға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жауапты мамандарға тұрғындардың өтініштерін зерделеп, шешу жолдарын қарастыру міндеттелді.

Жалпы, Жүйнек ауылдық округінде қолға алынған инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар елді мекендердің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беруге бағытталған. Әсіресе, құны 6,55 миллиард теңгені құрайтын бес жобаның іске асуы және өндірістік алаңға қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлердің жоспарлары округтің өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ал 610 жаңа жұмыс орнының ашылуы жергілікті тұрғындардың табысын көбейтіп, ауыл экономикасының дамуына оң ықпал етпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You