Түркістан тұрғыны үйінің шатырын музейге айналдырды

Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Сухраб Ирназаров үйінің шатырын музейге айналдырды.


Музейге 1950 жылдан бері қолданыста болған телефондар мен магнитафондардың және теледидарлар мен фотоапараттардың жүздеген түрлері қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сухраб Әбдінәбиұлының бұл іске деген қызығушылығы 2014 жылдан басталыпты. Көлік қоятын гаражды тазаламақ болған ол керек емес заттарын шатырға шығарып тастаған. Кейін сұрыптап, қажеттілерін жинақтау барысында коллекцияға деген қызығушылығы артқан. Содан үйінің шатырына арнайы сөрелер жасап, жинаған бұйымдарын сонда іліпті.

Бүгінде Сухрабтың музейінде 250-ден астам фотоапарат, 700-ден астам аудио кассета, 40 келі тиын және теледидарлар мен сағаттардың, магнитафондардың түр-түрі бар. Әлемде санаулы ғана таралыммен шығарылған сирек кездесетін техникаларды да Сухрабтың үйінен табуға болады. Коллекционер көне заттарды барлығын ауылдағы «барахолка» аталып кеткен базардан немесе жарнама парақшалары арқылы шет аймақтардан сатып алады. Мәселен, шахталарда тұратын шойын телефонды Павлодардан алып келген. Соғыс жылдары әскерилер қолданған бұрамалы сымсыз телефондарды жарнама арқылы алдырған. Ұлы Жеңіс жылдарында жеңімпаздарға тапсырылмай қалған 80 орден медальдың барлығын бір адамнан сатып алыпты. Күн көсем Лениннің ескерткішін сатушылар 500 теңгеге бағалап, беріп кеткен. Ал, Арабиядан келген лампаларды да қымбат емес бағаға сатып алған. 1989 пластинкаға жазылған құран аяттарын жерлесі, Сайрамдық азаматтан тапқан.

«Көпшілік мені бұл заттарды қымбатқа алады деп ойлайды. Тіпті «50 000, 60 000, 100 000 теңге тұрады ғой, ақшаны қайдан алдың?» деп сұрайтын достарымда бар. Бірақ мен көбінісе қолдан аламын. Мәселен, 1970-80 жылдары тек студияда тұрған фотоапартты осы Сайрамнан таптым. 1970 жылғы магнитафонды 1500-2000 теңгеге сатып алдым. Фотоапарттардың кейбірін тегін, кейбірін 500-1000 теңгеге алғанмын. Ватсап желісіндегі коллекционерлердің топтарына қосылдым. Көп заттарды сонда тапсырыс беру арқылы алып отырамын» – дейді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, техникалардың тілін жақсы білетін Сухраб жинақтаған заттарының ақауларын түзетіп қойған. Сондықтан мұндағы техникалардың басым бөлігі жұмыс істеп тұр. «Миния», «рекорд», «сируис» магнитафондарына 1970-80 жылғы әндер жазылған пластинкалар мен кассеталар салып қойған. Токқа қоссаңыз бірден әуендерді шырқай жөнеледі. Фотоапараттарға да пленка салсаңыз суретке түсіре бересіз. Ал, теледидарларды да пайдалануға болады. Шойын үтіктердің ішіне шоқ салып, киім үтіктеуге мүмкіндік бар. Кинопроекторлармен де кино көріп, кеңес үкіметіне саяхат жасай аласыз. Көпшілігінің құжатыда сақтаулы тұр.

Бүгінгі күні Сухраб Ирназаров Сайрам аудандық полиция бөліміндегі штабта аға инспектор. Бес қыздың әкесі. Жұбайы ауылдық мектепте мұғалім.

«Ауылдағы көпшілік біздің үйде музейдің бар екенін білмейді. Ал, үйге келген достарым мен туыстарыма шатырдағы заттарды көрсеткенде, таң қалысып, бірден телефондарына суретке түсіре бастайды. Ата-анам да қарсы емес. Телефон шұқалап көз майымды тауысқанша пайдала іспен айналысып жатқаныма қуанады» – дейді ол.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.