![]()
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және аудан инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлы мәлімдеді.
Бүгінде Әл-Фараби ауданында 262 526 тұрғын тұрады. Аудан құрамында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен бар. Мұнда 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй орналасқан. Ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен.
Тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымды жаңартуға биыл ерекше көңіл бөлінген. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 45 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сонымен қатар 36 көшеге жарықшам орнату, 49 көшедегі асфальт жабындысын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 49 көшенің 30-ында асфальт төсеу толық аяқталған. Аулаішілік жолдардың жай-күйін жақсарту мақсатында 63 ауладағы ойылған учаскелер қалпына келтірілді.
Қауіпсіз әрі жайлы жаяу жүргінші ортасын қалыптастыру үшін аяқжолдар мен ирригациялық жүйелерді дамытуға да басымдық берілген. Жыл басынан бері 9 көшеде аяқжол төсеу жұмыстары аяқталып, 11 көшеде ирригациялық арық жүйесі салынды. Бұл жұмыстар көшелердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, жауын-шашын мен суару суларын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Аудандағы тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылы 23 көппәтерлі үй модернизациялау бағдарламасына енгізіліп, оның 16-сында жұмыстар толық аяқталды. Бұдан бөлек, төрт мекенжайда реновация жобалары жүзеге асырылуда. Бұл – ескі тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Әл-Фараби ауданының қоғамдық кеңістіктері де жаңарып келеді. Биыл бұрынғы «Кең Баба» және «Қиял әлемі» саябақтарының орнына жаңа форматтағы «Жапон саябағы» мен «City Park» демалыс орындары пайдалануға берілді. Жаңа нысандар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін заманауи қоғамдық кеңістіктер қатарын толықтырды.
Абаттандырумен қатар ауданның санитарлық тазалығын сақтау жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 15 сенбілік ұйымдастырылып, оған 21 мыңға жуық адам қатысты. Тазалық жұмыстарына 200 техника жұмылдырылып, 500 тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы, Әл-Фараби ауданындағы биылғы жұмыстардың өзегінде инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй қорын жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді көбейту міндеттері тұр. Бұл бағыттағы жобалар ауданның жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
