![]()
Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ауданның жыл басынан бергі жұмыстары Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте таныстырылды. Атқарылған шаралар ең алдымен көшелерді абаттандыру, тұрғын үй қорын жаңғырту және әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлының сөзіне сүйенсек, бүгінде аудан аумағында 390 көше мен 257 әлеуметтік нысан орналасқан. Тұрғын үйлердің ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтылуы 100 пайызға жеткен. Бұл базалық инфрақұрылымның қалыптасқанын көрсеткенімен, аудан үшін негізгі міндет – қолданыстағы желілер мен қоғамдық кеңістіктердің сапасын тұрақты жақсарту.
Осы бағытта жыл басынан бері көшелер мен аулаларды абаттандыруға айрықша мән берілді. 36 көшеге жарықшам орнату жоспарланса, 103 ауланы жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 49 көшедегі асфальт жабындысын жаңарту көзделіп, оның 30-ында жұмыстар аяқталған. Аулаішілік жолдардың жағдайын жақсарту аясында 63 ауладағы бүлінген учаскелер қалпына келтірілді.
Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы да жаңа нысандармен толығуда. Текесу тұрғын алабында демеушілердің қолдауымен жаңа мәдениет үйі салынды. Аумағы 300 шаршы метр нысанда мәдени іс-шараларға арналған зал мен қажетті қосалқы бөлмелер қарастырылған. Құрылыс сәуір айында басталып, небәрі екі айда аяқталған. Бұл әлеуметтік жобаларды іске асыруда мемлекеттік қолдаумен қатар, демеушілік көмектің де маңызы зор екенін көрсетеді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Қазіргі таңда 16 көппәтерлі үйде модернизациялау жұмыстары аяқталып, 7 үйде жөндеу жалғасып жатыр. Ал реновация бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін 28 апатты және тозығы жеткен тұрғын үйді жаңарту жоспарланған. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ескі тұрғын үй қорын біртіндеп жаңартуға мүмкіндік береді.
Жылыту маусымына дайындық та бақылауда. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 860 көппәтерлі үйдің 574-інде сығымдау жұмыстары жүргізіліп, дайындық деңгейі 66,74 пайызға жеткен.
Ауданның санитарлық тазалығы мен жасыл желектерді күтіп ұстауға 121 арнайы техника және 558 қызметкер тартылған. Бұған қоса күн сайын көгалдар мен ағаштарды суаруға 20 арнайы техника жұмылдырылады.
Жалпы, Әл-Фараби ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты – инфрақұрылымды жаңарту арқылы тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастыру.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
