![]()
Шымкент қаласының Қаратау ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде ауданда 668 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 541-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы жылу маусымына дайындық аясында бұл үйлердің жылу жүйелеріне сығымдау жұмыстары жүргізіліп, белгіленген мерзімге дейін толық аяқталды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Алмас Емелтайұлы жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар Нұрсәт және Астана шағынаудандарындағы тозған жылу құбырларын жаңарту қолға алынған. Жұмыстар 8 нысанды қамтып, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымнан асатын құбыр желісі жаңартылады. Аудандағы 281 әлеуметтік нысанның да жылу жүйелерін сынақтан өткізу жұмыстары толық аяқталған.
Коммуналдық инфрақұрылымды жетілдірудің тағы бір маңызды бағыты – кәріз жүйесін дамыту. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының орталық кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі 46 пайызды құрайды. Мирас-1 және Мирас-2 шағынаудандарында кәріз желілерін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Аудандағы 896 көшенің жалпы ұзындығы 753 шақырымды құрайды. Биыл 132 көше мен өткелге асфальт төсеу жоспарланған, оның 48-інде жұмыстар аяқталды. Сонымен бірге 8 елді мекенде 27 шақырым аяқжол салу көзделіп, қазіргі таңда 22,5 шақырым тротуар пайдалануға берілді. Жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда жоспарланған 22 ирригациялық нысанның 14-і аяқталған.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау үшін қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары да жалғасуда. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қарастырылған 49 жобаның 30-ы аяқталған. Балаларға арналған 26 ойын алаңының 17-сі пайдалануға дайын болса, жоспарланған 5 спорт алаңының біреуі аяқталды.
Абаттандыру және көріктендіру бағытында 10 жаңа гүлзар салу жоспарланып, оның 5-еуі аяқталған. Сонымен қатар 8 көпқабатты үйдің қасбеттері жарықтандырылды. Үйлерге мурал салу бойынша жоспарланған 3500 шаршы метр жұмыстың 3000 шаршы метрі орындалды.
Осы жұмыстардың барлығы Қаратау ауданында инженерлік желілерді жаңартып қана қоймай, тұрғындар үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
