![]()
Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, су нысандарын абаттандыру, қалдықтарды тиімді басқару және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Бақытқалиұлы мәлімдеді.
Қала аумағы арқылы ұзындығы 20,1 шақырымды құрайтын Қошқар ата өзені ағып өтеді. Қазіргі таңда өзен жағалауын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Елтай тұрғын алабында төтенше жағдай салдарын жою және монолитті канал салу жобасы іске асырылуда. Жоба аясында «Елтай» каналының 910 метр арнасын бетондау және 1 700 метр Г-тәрізді лоток орнату көзделген. Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Қалдықтарды басқару саласында да ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт салу бойынша «SHAANXI CONSTRUCTION ENGINEERING KAZAKHSTAN CO., LTD» компаниясымен инвестициялық келісім жасалды. 2026–2028 жылдары жүзеге асырылатын жоба тәулігіне 1 000 тоннаға дейін қалдық өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның электр энергиясын өндіру қуаты 24 МВт болып, 80 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазір жобаға бөлінген 12 гектар жер учаскесі инвесторға беріліп, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу жұмыстары қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, “Clean Village” ЖШС-мен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін дамыту бойынша 10 жылдық келісім жасалған. Жылына 300 мың тонна қалдық сұрыптайтын зауыт салу үшін 8 гектар жер телімі сенімгерлік басқаруға беріліп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Нысанды 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Экологиялық бақылау да күшейтілуде. Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштық түсірілімдері негізінде қала аумағынан 30 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталып, барлығы толық тазартылды. Қайта пайда болуына жол бермеу үшін бірқатар аумақтарға бетон блоктар мен өзге де шектеу құрылғылары орнатылды.
Экологиялық жобалардың қатарында бұрынғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының орнында 45 гектар аумақта құрылған «Экопарк» та бар. Мұнда жасанды су айдыны, жаяу жүргіншілер жолдары, шолу алаңдары мен жарықтандыру жүйесі қарастырылып, 5 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылған. Аталған жұмыстардың барлығы қаланың санитариялық жағдайын жақсартуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
