Экожүйе: Шымкент жастары «Таза Қазақстан» бастамасын қолдады

Loading

Экологиялық бастама тек коммуналдық сала қызметкерлерімен ғана шектелмейді. Осы бағдарлама аясында Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың қатысуымен де кең көлемді акция өтті.

Іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы 40 ерікті қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар және қоғамдық ұйымдардың белсенділері болды. Әртүрлі ортадан жиналған жастарды туған қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу мақсаты біріктірді.

Акция басталар алдында қатысушылармен арнайы кездесу ұйымдастырылып, жастарға экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Серікбай қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаментінің, прокуратура органдарының және экологиялық қызметтердің өкілдері де қатысып, жастармен қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғатты аялау және азаматтық жауапкершілік мәселелері жөнінде пікір алмасты. Олар «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты тек тазалық жұмыстарын жүргізу ғана емес, қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру екенін жеткізді.

Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының аумағы мен Абай атындағы саябақта тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Олар аумақтарды қоқыстан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіріп, қоғамдық кеңістіктердің санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.

Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы Шымкентте бір реттік сенбіліктермен шектелмейтін, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тұрақты қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегі мен жастардың еріктілік бастамалары бір арнада тоғысып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, жасыл желек қорын көбейтуге және тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға нақты үлес қосып отыр.

Экологиялық мәдениет заңмен ғана емес, азаматтық ұстаныммен орнығады. Сондықтан «Таза Қазақстан» аясында жастардың белсенділігі артып, еріктілік қозғалысының кеңеюі – қоғамда жаңа құндылықтардың қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Мемлекет пен қоғамның ортақ күш-жігері нәтижесінде экологиялық жауапкершілік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осындай бастамалар арқылы табиғатты аялау, қоғамдық кеңістікті күтіп ұстау және туған қалаға жанашырлық таныту мәдениеті нығайып, экологиялық тұрғыдан орнықты әрі өмір сүруге қолайлы Шымкентті қалыптастыруға берік негіз қалануда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You