![]()
Шымкент қаласында санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында масаларға қарсы дезинсекция жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қаладағы саябақтар, өзен-каналдар, гүлзарлар мен аллеяларды қамтитын шаралар тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Биыл наурыз айынан басталған жұмыстарға 30 дезинсектор мен 20 арнайы техника жұмылдырылған. Дезинсекция 14 саябақ, 38 өзен мен канал, сондай-ақ 49 гүлзар мен аллея аумағын қамтиды. Кезекті өңдеу жұмыстары Абай саябағында жүргізілді.
Масалармен күресуде Қазақстанда қолданыстағы санитариялық талаптарға сәйкес тіркелген және рұқсат етілген дезинсекциялық құралдар пайдаланылады. Қолданылатын препараттың қауіпсіздігі белгіленген талаптар мен оны пайдалану регламентіне сәйкес қамтамасыз етіледі. Мамандар өңдеу кезінде белгіленген технологиялық және қауіпсіздік шараларын сақтайды.
Шымкентте дезинсекциялық жұмыстарды күшейту туралы шешім қаладағы зиянкестердің көбеюінің алдын алуға бағытталған. Ресми мәлімет бойынша, жұмыстар кезең-кезеңімен бірнеше рет жүргізіліп, өзен-каналдардың жағалауы, саябақтар мен гүлзарлар қамтылады. Тұрғындарға өңделген аумақтарда сақтық шараларын сақтау, балалардың өңдеу кезінде ол жерлерде ойнауына жол бермеу және үй жануарларын уақытша жақындатпау ұсынылады.
Дезинсекция жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Мұндай профилактикалық шаралардың жүйелі жүргізілуі қала аумағында жәндіктердің таралуын шектеуге және санитариялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Қазақстанның қолданыстағы санитариялық қағидалары бойынша масаларға қарсы өңдеу олардың белсенді кезеңдеріне қарай ұйымдастырылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
