Экожүйе: Шымкентте «Таза Қазақстан» шеңберінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акциялар жалғасып келеді

Loading

Шымкентте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.  Қаланың көркін арттыруды және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуді көздейтін бастамаға коммуналдық қызмет мамандары да, ерікті жастар да белсенді атсалысып келеді. Бұл жолғы акциялар жасыл желекті күтіп-баптау мен қоғамдық орындарды абаттандыру бағытында ұйымдастырылды.

Қаланың Орманшы тұрғын алабында орналасқан «Тұқымбақ» аумағында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасына Шымкенттің бес ауданынан келген коммуналдық мекемелердің 100-ден астам қызметкері қатысып, жасыл аймақты ретке келтіру жұмыстарына жұмылдырылды.

Сенбілік барысында шөп шабылып, ағаштардың артық бұтақтары қырқылды, арамшөптер тазартылып, көшеттер өсетін аумақтар күтіп-бапталды. Бұл жұмыстар көшеттердің сапалы өсіп-жетілуіне жағдай жасап, алдағы күзгі ағаш отырғызу маусымына дайындықты күшейтуге мүмкіндік береді.

«Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Ербол Есіркеповтің айтуынша, тұқымбақтағы жұмыс жыл он екі ай бойы үздіксіз жүргізіледі.

Жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын тұқымбақта қала көшелері мен саябақтарын, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға арналған түрлі ағаш және бұта көшеттері өсіріледі. Мұнда күн сайын 35 қызметкер көшеттерді суару, күтіп-баптау, жерді қопсыту және арамшөптерден тазарту жұмыстарын атқарады. Өсірілген көшеттер кейін Шымкенттің жасыл қорын толықтыруға пайдаланылады.

Экологиялық мәдениет бір күндік сенбілікпен емес, күнделікті өмір салтымен қалыптасады. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы әрбір іс-шара қаланы көркейту ғана емес, қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция саналады. Бүгінде Шымкентте көгалдандыру, жасыл аймақтарды көбейту, қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстау жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп, тұрғындардың табиғатты қорғау бастамаларына қатысу белсенділігі артып келеді. Бұл өз кезегінде Президент айқындаған экологиялық қауіпсіздік пен орнықты даму қағидаттарының жергілікті деңгейде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Қаланың жасыл қорын жүйелі түрде толықтыру мен табиғи ортаны сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Шымкенттің жайлы, таза әрі экологиялық тұрғыдан тұрақты мегаполис ретінде дамуына берік негіз қалайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You