Кентауға қарасты аумақтағы инфрақұрылымдық жобалар мен туризм нысандарының даму барысы бақыланды

Loading

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары жұмыс сапарымен Кентау қаласына келіп, шаһар мен оған қарасты елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Халық қалаулылары сапар барысында жол құрылысы, абаттандыру, спорт және туризм салаларындағы маңызды нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды.

Жұмыс сапары Хантағы ауылынан басталды. Депутаттар Үсенбаев көшесінде салынып жатқан көпір құрылысының барысын көрді. Аталған жоба ауыл тұрғындарының қатынасын жақсартып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды нысандардың бірі саналады. Себебі жаңа көпір Хантағы ауылын «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығына апаратын жолмен байланыстырып, табиғаты көркем аймаққа келетін тұрғындар мен туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Жоба бойынша көпір 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етіледі. Көпірдің жалпы ені 10 метрді құраса, көлік қозғалысына арналған жол бөлігі 6 метр болады. Бұл өз кезегінде көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып, елді мекеннің туристік бағыттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттары құрылысы аяқталуға жақын Хантағы демалыс аймағына барды. Аталған нысан тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қала қонақтарына қолайлы демалыс орнын қалыптастыруға бағытталған. Табиғаты ерекше аумақта орналасқан бұл демалыс орны болашақта Кентаудың туристік тартымдылығын арттыратын нысандардың біріне айналмақ.

Сапар барысында халық қалаулылары Кентау қаласындағы Д.Қонаев даңғылын халықаралық әуежайға баратын айналма жолмен байланыстыру мақсатында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын да зерделеді. Қала әкімі Жандос Тасов депутаттарға жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат беріп, жол құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Аталған жоба аясында ұзындығы 2,35 шақырымды құрайтын төрт жолақты автомобиль жолы салынып жатыр. Жолдың жалпы ені 16 метр болады. Сонымен қатар, көше бойын жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарастырылған. Жаңа көлік инфрақұрылымы қала ішіндегі қатынасты жеңілдетіп, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Депутаттар қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Бүгінде Кентау қаласында 348 көпқабатты тұрғын үй бар. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 33 ауланы кешенді абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында балалар ойын алаңшалары, спорт алаңдары, футбол алаңдары салынып, тұрғындардың белсенді демалысына арналған «Street Workout» жаттығу құрылғылары орнатылуда.

Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары қалада салынып жатқан ірі спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға серпін береді. Спорт кешені күніне мыңға жуық азаматты қабылдауға мүмкіндік беретін болады.

Нысандарды аралау қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов облыстық мәслихат депутаттарына Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

Жұмыс сапары барысында депутаттар Кентау қаласында қолға алынған жобалардың маңыздылығына тоқталып, әсіресе, көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және туризм саласының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Бүгінде Кентау қаласында жүзеге асырылып жатқан мұндай ауқымды жобалар шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Тарихы терең Кентаудың туристік әлеуетін тиімді пайдалану, инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи қала ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You