![]()
Кентау қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде тарихи-мәдени әлеуеті жоғары Қарнақ ауылындағы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қарнақ – Түркістан өңіріндегі тарихы терең, мәдени мұрасы бай елді мекендердің бірі. Соңғы жылдары ауылдың туристік әлеуетін тиімді пайдалану, тұрғындар мен келушілер үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы мақсаттағы маңызды бағыттардың бірі – жол және көлік инфрақұрылымын дамыту.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала аумағында және ауылдық елді мекендерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап, нысандардың қазіргі жағдайымен танысты.
Қазіргі таңда Яссауи даңғылы бойындағы автотұрақ орындарын белгіленген талаптарға сәйкестендіру мақсатында асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 180 метрді құрайтын жоба қала тұрғындары мен қонақтарының көліктерін қауіпсіз әрі ыңғайлы орналастыруына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қарнақ ауылындағы Түркістан – Ш.Қанайұлы көшелерінің қиылысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, айналмалы қозғалыс бөлігін абаттандыру, көлік қозғалысын реттеу және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде.
Жол сапасы мен қауіпсіз көлік қатынасы – кез келген елді мекеннің дамуындағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Әсіресе, тарихи орындарға келетін тұрғындар мен туристер үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру өңірдің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі жауапты мекемелерге жұмыстардың сапалы орындалуын, құрылыс талаптарының сақталуын және белгіленген мерзімдердің орындалуын тапсырды.
“Кентау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарға және қала қонақтарына қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталатын болады”, — дейді сала жауаптылары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
