![]()
Кентау қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, балалардың қауіпсіз әрі белсенді демалысына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала аумағында жүзеге асырылып жатқан абаттандыру жобалары өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға арналған инфрақұрылымды кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов арнайы танысып, құрылыс жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Алдымен шаһар басшысы Бүргем-2 елді мекеніндегі ауыз су және кәріз жүйесінің құрылыс алаңына барып, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының орындалуын бақылады.
Қазіргі таңда нысанда 6,6 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 94 құдықша орнатылған. Сонымен қатар 3,8 шақырым кәріз құбыры жүргізіліп, 160 құдықша қойылған. Бір кәріз сорғы станциясының құрылысы жалғасуда. Жоба аясында аталған аумақты электрмен қамту, құрылыс аяқталғаннан кейін бүлінген жолдарды қалпына келтіру және асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Нысанды аралау барысында қала әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және белгіленген мерзімнің орындалуына ерекше назар аударып, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар берді.
Бұдан кейін қала басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда бірқатар аулаларда заманауи балалар ойын алаңшаларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы жоба аясында қала бойынша 33 аулада жаңа ойын алаңдарын орнату, аумақтарды абаттандыру және тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделген.
Жаңа ойын алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, дене белсенділігін арттыруына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді. Мұндай қоғамдық кеңістіктер жас ұрпақтың спортқа қызығушылығын оятып, аула спортының дамуына да оң әсерін тигізеді.
Жұмыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге оларды қысқа мерзімде жою жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Қала әкімі барлық құрылыс және абаттандыру жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Кентауда жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырумен қатар, балалар мен жасөспірімдердің белсенді демалысын ұйымдастыруға, дене шынықтырумен айналысуына және бұқаралық спортты дамытуға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жетілдіруге негіз қалайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
