![]()
Кентауда 2 қазан күні «Қала күні» мерекесін атап өту жоспарлануда. Осыған орай мерекелік іс-шараларға дайындық жұмыстары пысықталып, қала тұрғындарына арналған мәдени және әлеуметтік бастамалар әзірленуде.
Қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен апталық жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ақнұр Байболова мерекеге орай жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
Қала күні қарсаңында кәсіпкерлер мен демеушілерді тарта отырып, «Кентау қаласы үшін 71 игі іс» қайырымдылық және әлеуметтік жобасын жүзеге асыру көзделген. Бастама аясында тұрғындарға қолдау көрсетуге және қаланың әлеуметтік ортасын жақсартуға бағытталған бірқатар шара ұйымдастырылмақ.
Қала басшысы мерекелік бағдарламаны жоғары деңгейде ұйымдастыруға және іс-шаралардың қауіпсіздік талаптарына сай өтуін қамтамасыз етуге тапсырма берді. Жауапты сала басшыларына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді уақтылы шешу міндеттелді.
«Қала күні» – шаһардың тарихы мен бүгінгі тынысын, тұрғындардың мәдени өмірі мен қоғамдық белсенділігін танытатын маңызды мерекелік шаралардың бірі. Осыған орай Кентаудағы мерекелік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын мазмұнды іс-шараларға ұласуы жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
