Кентауда ел тарихына тағзым жасалды

Loading

Кентау қаласында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Ел үшін туған ерлер» атты еске алу іс-шарасы өтті. Тарихи тағылымы мол шара С.Қожанов саябағындағы «Азалы Ана» ескерткіші жанында ұйымдастырылды.

Еске алу жиынына Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлы, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, сондай-ақ қала тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында Семей полигонының зардабынан қаза болған азаматтардың рухына тағзым жасалып, олардың есімдері бір минут үнсіздікпен еске алынды. Сонымен қатар ядролық сынақтардың зардаптарын жоюға қатысып, ел алдындағы азаматтық борышын атқарған жандардың еңбегіне құрмет көрсетілді.

Жиында сөз алғандар Семей ядролық полигонының жабылуының тарихи маңызына тоқталып, бұл оқиғаның ел тарихындағы орнына назар аударды. Әсіресе, өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпай, бейбітшілік пен ел бірлігінің қадірін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы айтылды.

«Азалы Ана» ескерткіші маңында өткен тағылымды шара тарихи жадыны жаңғыртып, ел басынан өткерген сындарлы кезеңдерді ұмытпауға үндеді. Мұндай еске алу жиындары тарихи оқиғалардың мәнін ұрпақ санасына сіңіріп, азаматтық жауапкершілік пен елге деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара соңында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, Семей полигонының зардабынан қаза болған азаматтардың рухына тағзым етілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You