![]()
Кентау қаласында көрнекті кенші, мемлекет және өндіріс қайраткері, елдің өндірістік дамуына елеулі үлес қосқан Сақ Мәуленқұловтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Еңбегімен елге танылған тұлға» атты тағылымды конференция өтті.
Мазмұнды шараның негізгі мақсаты – саналы ғұмырын кен өндірісінің дамуына арнаған ардақты азаматтың өмір жолын, кәсіби және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттау, оның ел тарихындағы айрықша орнын кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Конференция алдында Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде кенші ардагердің Кентау қаласының қалыптасуы мен өндірістік әлеуетінің артуына қосқан үлесін айшықтайтын құнды деректер мен материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға Сақ Мәуленқұловтың өмірі мен қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.
Тағылымды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңіс Мәуленқұлов, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Кентау қаласының зиялы қауым өкілдері, ардагер кеншілер, өндіріс саласының мамандары, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Конференцияға ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым модераторлық етті.
Жиында Сақ Мәуленқұловтың еңбек жолы, өндіріс саласындағы қызметі, қоғамдық-саяси өмірдегі орны және Кентау қаласының дамуына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.
Конференция барысында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «QazIndustry» АҚ тәуелсіз директоры, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, Қазақстан Республикасының «Құрметті машина жасаушысы», «КСРО Құрметті металлургі» төсбелгілерінің иегері Қылышбек Сатылғанұлы Ізбасханов «Өндіріс алыбынан Жоғарғы Кеңес мінберіне дейін: Сақ Мәуленқұловтың тарихи тұлғасы және қоғамдық-саяси мектебі» тақырыбында баяндама жасады.
Техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Бекбергенов Досанбай Қалдарбайұлы «Ащысай полиметалл комбинаты мен Байжансай кенішінің игерілу тарихы және С. Мәуленқұловтың тау-кен саласындағы мұрасы» тақырыбында ой бөлісті.
Ал Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, кітапхана ісінің үздігі Жанар Қонай «Ғасырлық із, ұрпаққа мұра» тақырыбында баяндама ұсынып, тұлғаның өнегелі өмірі мен тарихи мұрасының маңызына тоқталды.
Баяндамалар барысында Сақ Мәуленқұловтың Ащысай полиметалл комбинатының дамуына қосқан үлесі, өндірісті ұйымдастырудағы тәжірибесі, елдің қоғамдық-саяси өміріндегі қызметі және кейінгі буынға қалдырған өнегесі туралы тың деректер айтылды.
Конференцияда Сақ Мәуленқұловтың кәсіби жолы мен қоғамдық қызметі ғана емес, оның Кентаудың қалыптасу тарихындағы орны да кеңінен сөз болды. Ардагер кеншілер мен өндіріс саласының мамандарының қатысуы тұлғаның еңбек жолын көзі көрген буынның естеліктері арқылы танытуға мүмкіндік берді.
Жиын соңында кен өндірісі саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, Кентаудың дамуына үлес қосқан ардагерлерге «Сақ Мәуленқұлов – 100 жыл» мерейтойлық төсбелгілері табысталып, олардың еңбектеріне құрмет көрсетілді.
Сақ Мәуленқұловтың 100 жылдығына арналған конференция Кентаудың өндірістік тарихын жасаған тұлғаның өмірі мен қызметін кеңінен насихаттап, тарихи мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталды. Осындай тағылымды шаралар арқылы елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі жолын таныту, жас ұрпақтың тарихи санасы мен ел алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға мән берілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
