Кентауда отбасы құндылықтары мен анаға құрмет мәдениеті паш етілді

Loading

Кентау қаласында отбасы институтын нығайту, ананың қоғамдағы мәртебесін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы игі дәстүр жалғасын тапты. Қала әкімі Жандос Тасов көпбалалы аналарды қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.

Салтанатты шара барысында ел демографиясының өсіміне, ұрпақ тәрбиесіне және отбасы құндылықтарының нығаюына үлес қосып жүрген 20 ана мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның ішінде 6 ана «Алтын алқа», ал 14 ана «Күміс алқа» иегері атанды.

Қазақ халқы ежелден ананы отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы ретінде құрметтеп келген. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрдің сақталуы мен рухани құндылықтардың жалғасуы көбіне ана тәрбиесімен сабақтасып жатады. Сондықтан көпбалалы аналарды ұлықтау – тек марапаттау рәсімі ғана емес, қоғамдағы отбасы мәдениеті мен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген қала әкімі Жандос Тасов аналарды мемлекеттік наградаларымен құттықтап, олардың қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды. Сондай-ақ елімізде ана мен баланы қорғауға, көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызын атап өтті.

– Сіздер қоғамдағы бірліктің, жасампаздықтың және тұрақтылықтың жарқын үлгісісіздер. Ұрпақ тәрбиесіндегі еңбектеріңіз бен ел демографиясының дамуына қосқан үлестеріңіз зор құрметке лайық, – деді қала әкімі.

Бүгінде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананың мәртебесін көтеру және ұрпақ сабақтастығын сақтау мәдениеті қоғамның рухани дамуының маңызды бағыттарының бірі саналады. Осындай тағылымды шаралар жастар арасында отбасылық жауапкершілікті арттыруға, үлкенге құрмет пен кішіге ізет қағидаларын нығайтуға және ұлттық тәрбиенің құндылықтарын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Кентау қаласында аналарды құрметтеу, отбасы институтын қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы рухани-мәдени құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You