МҰҒАЛІМ ТАПШЫЛЫҒЫ БАР ӨҢІРЛЕРДЕ МҰҒАЛІМНІҢ ЖАЛАҚЫСЫНА 250% ҮСТЕМАҚЫ ҚОСЫЛАДЫ

Қазақстанда мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бағытында «Түркістан облысының адами даму басқармасы» ММ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы №390 қаулысымен бекітілген «Педагог кадрлар тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары пакеті бар үздік педагогтарды тарту қағидаларына» сәйкес бос педагог лауазымдарына конкурс жариялаған болатын.

Бұл аймақтар қатарында Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары көш бастап тұр. Әсіресе, бұл өңірлерде математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері тапшы. Қазіргі уақытта байқауға қатысу үшін арнайы құжаттар қабылданып жатыр. Қажетті құжаттар тізімі жергілікті атқарушы органдардың және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Бұл туралы Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Кадырбекова Анафия Арыстанбайқызы «Алатау» медиа орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Педагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтерге конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуына болады.

Мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылған. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер компьютерлік тестілеуді сәтті тапсырып, эссе жазып, әңгімелесуден өтуі керек. Емтихандар үміткердің таңдауы бойынша өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өткізіледі. Ал, әңгімелесуді министрлік жанындағы Конкурс комиссиясы өткізеді. Комиссия құрамына «НЗМ» ДББҰ, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері кіреді.

Конкурс іріктеуінен өткен мұғалімдерге 4 апталық біліктілікті арттыру курстары мен курстан кейінгі қолдау шаралары ұйымдастырылады. Оның құрамына онлайн және офлайн форматтағы семинарлар, вебинарлар мен шеберлік сыныптары, Зияткерлік мектептердің зертханаларында жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған тағылымдамалар кіреді.

Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығын өтеу қарастырылған. Еске сала кетейік, байқауға қатысу үшін құжаттар қабылдау ағымдағы жылдың 21 шілдесіне дейін жалғасатын болады.

Ұйымдастырушылар, Түркістан облысы бойынша жарияланған бос орындарға конкурсқа қатысуға шақырады. 

Келіңіз, байқауға қатысып, бақ сынап көріңіз! 

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.