Ордабасы ауданының әкімі электр қорғау және дизельді генератор жабдықтарын өндіру жобасын орналастыру туралы меморандумға қол қойды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев пен шетелдік «LEO MASTER» ЖШС арасында аудан аумағына электрологиялық қорғау құрылғылары мен дизельді генератор өндіретін өндірістік желіні орналастыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Бұл келісім аудан экономикасына жаңа серпін беріп, өңірде заманауи өндірістік алаңның ашылуына, электр энергиясын тұрақтандыруға бағытталған жоғары технологиялық жабдықтардың шығарылуына және сервистік орталықтың құрылуына жол ашады.

Жоба аясында аудан аумағында автоматты ажыратқыштар, дифференциалды қорғау құрылғылары (УЗО, дифавтоматтар), кернеу релелері, кернеу тұрақсыздығынан қорғайтын модульдік жабдықтар, жарық индикаторлары және басқару модульдері сияқты электрологиялық құрылғыларды құрастыру және өндіру желісі іске қосылады. Мұндай өнімдер облыс пен республика көлеміндегі мектептерді, ауруханаларды, кәсіпорындарды, әкімшілік ғимараттарды және жеке тұрғын үйлерді электр қауіпсіздігімен қамтамасыз етуге зор үлес қосады.

Сонымен қатар, қуаты 30–1200 кВт аралығындағы дизельді генераторлар өндіріледі. Бұл қатарға шағын нысандарға арналған 30–60 кВт генераторлар, орта бизнеске арналған 100–300 кВт генераторлар, сондай-ақ ірі өндіріс орындары мен инфрақұрылымдық нысандарға арналған 500–1200 кВт генераторлар кіреді. Аталған генераторлар апатты жағдайларда да электр энергиясын үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ететін жоғары сенімді жабдық саналады.

Жобаның маңызды бөлігі – аудан аумағында сервистік және техникалық қолдау орталығының ашылуы. Ол жабдықтарды монтаждау, диагностика жасау, жөндеу, шұғыл сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі техникалық қолдау көрсетуді жүзеге асырады. Бұл өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тұрақтылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Жоспарланып отырған инвестиция көлемі 750 000 000 теңгені құрайды (2025 жылғы желтоқсан – 2026 жылғы қаңтар). Жоба нәтижесінде 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік база арнайы станоктармен, электр сынақ стендтерімен және монтаж алаңдарымен қамтамасыз етіледі.

Бұл ауқымды бастама ауданда жаңа өндірістік орынды қалыптастыруға, жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға, аудан бюджетінің кірісін арттыруға, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге және инфрақұрылымдық нысандардың электрмен үздіксіз жабдықталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You