ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ШЫМҚАЛА КЕРУЕНІ ӨТТІ

Қала күніне орай «Шымқала» тарихи- мәдени кешенінде дәл осындай тақырыпта  мерекелік іс шара өтті. Іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына көне Шымкент тарихын насихаттау, ұмыт болған салт-дәстүрлермен таныстыру, дәуірлер бойынша танымдық ойын-сауық ұйымдастыру, көне шаhардың дәстүрлі базарларын жаңғырту, салттық өнер мен сазды қойылымдар арқылы мәдени мұраларды ұлықтауды мақсат еткен.

Мерекелік жиын «Шымқала» тарихи-танымдық сағатымен басталды. Кешенге келуші қонақтарға қаламыздың өткені мен бүгінін таныту, келешек ұрпаққа терең тарихын насихаттау мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Тарихқа көз жүгіртсек, қала б.з.д. II ғасырда салынған. Шымкент қаласы Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан. «Оңтүстік Қазақстан зерттеушілерінің ойынша, Шымкентте отырықшылар ХІ-ХІІ ғ. пайда болған. Бірақ соңғы археологиялық деректер бойынша, Шымкентке VI-VII ғ. адамдар өмір сүрген деген негізді көрсетеді. Парсы тарихшысы Шараф ад-дин Али «Зафар Наме» кітабында Шымкент қала ретінде 1425 жылдары пайда болып, Ұлы Жібек жолымен қиылысқан. Шымкент қаласын ертедегі орта ғасырлық – Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Яссы (Түркістан), Сүткент, Сығанақ, Сауран және тағы басқа аңызға айналған қалалар қоршаған. Шымкент — тарихи- мәдени қонақжайлық және индустриялық инфрақұрылымы туристік демалушылар үшін қызықтыратын аймақ болып қала бермек. Шымкенттің орталығында Ескі қалашық сақталып қалған, ол тек ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар студенттердің, тарихшылардың, тіпті туристердің де қызығушылығын тудыруда»,- деді экскурсияны жүргізуші.

Мұнда сондай-ақ, «Көне Шымқаладағы ұлттық бұйымдар» жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда  ұлттық нақышта жасалған қолөнер шеберлерінің ағаштан, жүннен және былғарыдан жасалған бұйымдарынан сауда-саттық көрмесіне түрлі заттары қойылды. Қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сабақтар өтіп, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымдарымыздың жасалу жолы көрсетілді.

Сонымен қатар, қала тұрғындары ашық алаңда ұлттық ойындар — аударыспақ, асық ату,  қол күрес, арқан тарту және тоғызқұмалақ ойындарын тамашалады.

Мерекелік іс-шарада театрландырылған қойылым ұсынылып, этно-фольклорлық концертте ұлттық аспаптар насихатталды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

2 Comments

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.