
Түнеугүні Түркістан қаласының ерекше мәртебе атануына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Салтанатты марапаттау рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаз және жүлдегер аудан, қала өнер ұжымдарын марапаттады.
– Биыл Түркістанның облыс орталығы атанғанына жеті жыл. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл – біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Түркістанның туристтік әлеуетін арттыру, өңірдегі шығармашылық иелеріне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды. Алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылған фестивальде аудан, қаладан келген өнер ұжымдары, талантты жастар ұлттық құндылықтарымыз бен заманауи өнердің тамаша үйлесімін көрсете білді. Осы орайда, аталған фестивальге үлес қосып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру бағытында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» байқауын ұйымдастырған болатынбыз. Үшінші рет өткен байқауға 115 ауылдық мәдениет үйі мен клубтары қатысып, үздіктері марапатталып отыр. Біз алдағы уақытта Түркістан өңірінің мәдени дамуына үлесі мол ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
«Өнерлі өлке» фестивалінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ие болған Бәйдібек ауданы мен бірінші орын алған Отырар ауданына, екінші және үшінші орынды иеленген аудан-қалалардың өнерпаздарына қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар берілді.
Фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту, халық шығармашылығын жаңаша бағытта жандандыру, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін дамыту.
Шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқау жеңімпаздары да марапатталды. Бас жүлде Төлеби ауданы «Зертас» ауылдық мәдениет үйіне бұйырды. Бірінші орын Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет үйіне, ал жүлделі ІІІ орын Шойманов ауылдық мәдениет үйіне бұйырды. Үздік деп танылған ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарына арнайы жүлделер мен дипломдар табысталды.
Аталған байқаудың мақсаты – ауылдық мәдениет үйілері мен клубтардың жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын дамыту мен атқарып жатқан жұмыстарына қолдау көрсету және олардың іс-тәжірибелерін насихаттау.
Айта кетсек, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыстар жалғасуда. Биыл 4 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 2 мәдениет нысанның құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр.
Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерекесі және «18 қазан – Рухани келісім күніне» орай Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Ойлан тап» интеллектуалды ойыны өткізілген-ді. Аталған шараның басты мақсаты – қатысушылар арасында білімге құштарлықты арттыру, рухани келісім мен өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ терең ойлайтын, азаматтық жауапкершілігі жоғары, отансүйгіш және мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Облыстың барлық аудан, қалаларынан ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, «Руханият» орталықтарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарында қызмет атқаратын теолог мамандар, дін қызметкерлері және медресе-колледж ұстаздары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев қатысушыларды «18 қазан – Рухани келісім күнімен» құттықтап, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.
Ертай Алтаев: «Интеллектуалды сайыс қатысушылардың зияткерлік әлеуетін арттырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Сонымен қатар, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік және достық байланыстар орнатады. Мұндай форматтағы іс-шаралар өңір тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен дінаралық татулықты нығайтуға зор ықпал етеді» — деп, тілге тиек етті.
Сайыс үш кезеңді қамтыды. Сұрақтар еліміздің және Түркістан облысының тарихы, әдебиет, ұлттық салт-дәстүрлер, дін саласындағы заңнамалар және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылардың білімі мен тапқырлығын кәсіби әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы қатарында телогия және философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай, білікті дін қызметкері А.Оспанов және облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы болды.
Тартысқа толы өткен интеллектуалды ойынның жеңімпазы – Отырар ауданы (500 000 теңге) құрамасы болды. Ал, жүлделі ІІ орынды Сайрам ауданы (250 000 теңге) және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командалары (250 000 теңге) жеңіп алған болса, үздік үштікті Ордабасы (150 000 теңге) және Төлеби аудандары (150 000 теңге) түйіндеді.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, қатысушы командалар арасында ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен ерекшеленген Жетісай, Сарыағаш, Созақ аудандарының және «Балаби қари» құран жаттау орталығының құрамалары көрермен көзайымы номинациясына, қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Міне, осылайша биыл Отырар ауданы рухани тұрақтылық пен дінаралық татулықты нығайтуда, мәдениет пен өнер саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп, жылды табысты қорытындылап отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
