![]()
Отырар ауданында тұрғындарға еңбек және әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік қызметтер мен қолданыстағы мүмкіндіктерді түсіндіруге бағытталған «Қызмет алушылар күні» іс-шарасы өтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты – халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырумен қатар, азаматтардың еңбек және әлеуметтік қорғау салаларындағы құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру.
Іс-шара Отырар ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау мәселелері» тақырыбында өткізілді. Кездесуге Отырар аудандық орталық ауруханасына қарасты орталық емхананың қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында азаматтардың сауалдары тыңдалып, еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берілді. Мамандар тұрғындарды қажетті мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі мен қолданыстағы мүмкіндіктер туралы ақпараттандырды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетудің сервистік әрі клиентке бағдарланған моделін қалыптастыру, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдету мәселелеріне назар аударылды.
Мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, тұрғындардың өз құқықтары мен әлеуметтік мүмкіндіктері туралы хабардар болуына жол ашады. Сондықтан азаматтардың ұсыныстары мен сауалдарына негізделген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
