![]()
Елімізде жастарды жан-жақты дамыту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу және қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі еңбек нарығында кәсіби білімнің болуы ғана жеткіліксіз. Жұмыс берушілер заң талаптарын сақтайтын, қаржылық және цифрлық сауатты, тәртіпке бейім, жауапкершілігі жоғары мамандарға басымдық береді. Сондықтан жастардың бойында осындай қасиеттерді қалыптастыру – кадрларды даярлаудың жаңа моделінің маңызды құрамдас бөлігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты да қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтумен қатар, еңбек тәртібі мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді. Заңға құрметпен қарайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жас маман – ел экономикасының дамуына үлес қосатын негізгі еңбек ресурсы.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Отырар ауданында өткен «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жастар жобасы аясында көрініс тапты. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараны Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізді. Жоба жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттауды, тәртіп пен жауапкершілікті дәріптеуді мақсат етті.
Жобаның ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров пен Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде бүгінгі таңда білімді ғана емес, заңды құрметтейтін, адал еңбек ететін әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
Іс-шара аясында жастармен мазмұнды профилактикалық кездесу өткізіліп, қазіргі қоғамда кең таралған интернет-алаяқтықтың алдын алу, дропперлік әрекеттердің заңдық салдары, жеке деректерді қорғау және цифрлық қауіпсіздік мәселелері кеңінен түсіндірілді. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Қазіргі цифрлық дәуірде интернетті еркін пайдалану жеткіліксіз. Әрбір жас азамат жеке мәліметтерді қорғауды, қаржылық операцияларда сақтық танытуды және заңсыз әрекеттердің салдарын түсіне білуі қажет. Мұндай білім болашақ еңбек қызметінде де маңызды рөл атқарады. Себебі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда еңбек ететін мамандардан кәсіби құзыретпен қатар жоғары жауапкершілік пен адалдық талап етіледі.
Жобаның спорттық кезеңі жастар арасында ерекше қызығушылық тудырды. Workout турнирі қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға, өз мүмкіндігін шыңдауға және мақсатқа жету жолында табандылық танытуға үндеді. Спорт арқылы қалыптасатын тәртіп, төзімділік, уақытты тиімді пайдалану, өзін-өзі дамыту және командалық мәдениет сияқты қасиеттер еңбек нарығында да жоғары бағаланады.
Турнир қорытындысында Есен Батырхан бірінші орынды жеңіп алып, облыстық финалға жолдама иеленді. Екінші орынды Талғат Айбек, үшінші орынды Медеубек Болатбек еншіледі. Бұл жеңістер жастардың тек спорттағы жетістігін ғана емес, өз-өзін жетілдіруге деген ұмтылысын да көрсетеді.
Бүгінде еңбек нарығы жаңа талаптар қояды. Заманауи жұмыс берушілер кәсіби біліммен қатар еңбек тәртібін сақтайтын, заң талаптарын құрметтейтін, цифрлық ортада қауіпсіз жұмыс істей алатын және үнемі өзін дамытуға дайын мамандарды іздейді. Сондықтан құқықтық ағарту, қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ жастарды спортқа тарту – олардың болашақтағы еңбек әлеуетін нығайтудың маңызды тетіктерінің бірі.
Отырар ауданында өткен «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жобасы осы міндеттердің өзара сабақтас екенін көрсетті. Жастарға құқықтық білім беру, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау арқылы олардың өмірлік дағдылары нығайтылып, еңбекке жауапкершілікпен қарайтын, заңды құрметтейтін әрі бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына жағдай жасалуда. Мұндай бастамалар еңбексүйгіштік құндылықтарын дәріптеуге, адами капиталдың сапасын арттыруға және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
