
Бүгін ауданда 1 — қазан Халықаралық қарттар күні мерекесі аясында аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қарттарым аман – сау жүрші» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті. Шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және ауданның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері, аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының мүшелері қатысты.
Салтанатты шарада аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы арагерлерге ақ жарма тілегін арнап, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Қай кезеңде де ақылман қариясы бар елдің еңсесі биік болған. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еңбектегі табыстарыңыз бен тағылымды ғұмырларыңыз жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Бүгінде Сіздер тәуелсіз еліміздің, соның ішінде киелі Отырар өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, ауданымыздың тарихын жазған жандарсыздар. Аудандағы ауқымды жұмыстар қариялардың акыл-кеңестерімен жүзеге асып келеді. Қарттарымыз – біздің өткеніміздің шежіресі, бүгініміздің тірегі, келешегіміздің ақылшысы. Сондықтан Сіздерге деген құрмет– баршамыздың парызымыз. Мемлекетіміздің аға буынға қамқорлық көрсетуі – біздің ұлттық дәстүріміздің, халқымыздың асыл қасиетінің айғағы», — деді.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов құттықтау тілегін айтып, қазыналы қарттардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны ел болашағы үшін қашанда жоғары екендігін жеткізді.
Шара барысында ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен ардагелерге аудан әкімі мен мәслихат төрағасының алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары тарту етілді.
Ауданның Құрметті азаматы, Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбек қоғамда тұрақтылықтың, бірліктің, ынтымақтың болуы көпті көрген үлкен аға буын өкілдеріне, ардагерлерге, зиялы қауым өкілдеріне тікелей байланысты екендігін айтып, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған ел азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді.
Бар жастық жігері мен күш-қайратын елінің ертеңіне арнап, аянбай еңбек еткен жандарға аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мереке иелері де өз үлестерін қосып, әсем әннен шашу шашты. Шара соңында ардагерлерге ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Тағы бір атап өтерлігі, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы еңбек ардагерлері Жаңабай Сатыбалды мен Тілеумұрат Шілдебаевтың және жасы 90-нан асқан батыр ана Үрзада Әбілдаеваның үйлеріне арнайы барып құттықтап, мерекелік лебізін жеткізді.
Кездесу барысында: «Қарттар – біздің өткеніміздің шежіресі, бүгінгі тірегіміз, болашаққа бағыт-бағдар берер шамшырағымыз. Сіздердің елге сіңірген еңбектеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін қастерлі қазына. Сіздердің өнегелі істеріңіз ауданымыздың берік іргетасын қалауға сеп болды», – деді аудан әкімі.
Әр салада қажырлы еңбек етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ардагерлер аудан көлемінде атқарылып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
