Отырар ауданында кітапхана қызметінің жаңа даму бағыты айқындалып келеді

Loading

Елімізде адами капиталдың сапасын арттыру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және азаматтардың кәсіби құзыреттерін үздіксіз жетілдіру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу және өмір бойы білім алу қағидатын орнықтыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Бұл міндеттер тек білім беру ұйымдарына ғана емес, қоғамның интеллектуалдық дамуына қызмет ететін мәдениет және кітапхана саласына да жаңа талаптар жүктейді.

Бүгінде кітапхана тек кітап сақталатын орын емес, ақпараттық, білім беру және цифрлық сауаттылықты қалыптастыратын заманауи орталыққа айналып келеді. Сондықтан кітапхана мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, жаңа технологияларды меңгеруі және заманауи ақпараттық сервистерді пайдалана білуі – еңбек нарығы талап ететін маңызды құзыреттердің бірі.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Отырар аудандық орталық кітапханасында өткен «Кітап пен технология: оқытуды дамытудың жаңа жолдары» атты зерделі кеңесте көрініс тапты. Басқосудың басты мақсаты – дәстүрлі кітап мәдениетін заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыру, кітапхана мамандарының кәсіби шеберлігін жетілдіру және жаңа жұмыс тәсілдерін тәжірибеге енгізу болды.

Кеңесті директордың орынбасары Б. Жұмаділдә ашып, қазіргі қоғамдағы кітапханалардың жаңа миссиясына тоқталды. Оның айтуынша, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кітапхана қызметкерлерінен де жаңа білім мен дағдыларды талап етеді. Сондықтан тәжірибе алмасу, кәсіби оқыту және инновациялық әдістерді енгізу – саланың тұрақты дамуының басты шарты.

Зерделі кеңес барысында кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Г. Дәулетова «Оқу белсенділігін арттыру: технологияны кітаппен ұштастыру» тақырыбында баяндама жасап, цифрлық платформалар мен электрондық ресурстарды тиімді пайдаланудың оқырман қызығушылығын арттырудағы рөліне тоқталды. Ал кітапханашы М. Шәріпбекова «Сандық дәуірдегі сауаттылық: кітап пен технология» тақырыбында қазіргі кезеңде ақпаратты саралау, цифрлық сауаттылықты дамыту және оқырманның жаңа қажеттіліктеріне бейімделудің маңызын жан-жақты түсіндірді.

Практикалық бөлімде Р. Мақтабекова электрондық библиографиялық көрсеткіштер, QR-кодпен толықтырылған басылымдар және цифрлық буклеттерді әзірлеудің тиімді жолдарын таныстырса, Ж. Тәменов кітаптарға және көрмелерге QR-код жасау бойынша шеберлік сабағын өткізіп, қатысушыларға жаңа технологияларды іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетті. Мұндай тәжірибелік оқыту мамандардың кәсіби құзыретін арттырып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін ақпараттық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі еңбек нарығында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру барлық сала қызметкерлері үшін маңызды талапқа айналды. Сондықтан мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан кадрларды даярлаудың жаңа моделінің негізгі бағыттарының бірі – қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдіру және цифрлық құзыреттерін дамыту. Мұндай тәсіл мамандардың өзгермелі еңбек нарығына бейімделуіне, қызмет көрсету сапасын арттыруына және еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал етеді.

Отырар ауданындағы зерделі кеңес те осы мақсаттарға үндес келеді. Себебі кітапхана қызметкерлері тек өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа технологияларды меңгеру арқылы кәсіби әлеуетін нығайтып, оқырманға қызмет көрсетудің заманауи үлгілерін игерді. Бұл – үздіксіз білім алудың және өмір бойы кәсіби дамудың нақты көрінісі.

Шараның тағылымдық мазмұны тек кәсіби оқытумен шектелген жоқ. Кеңес аясында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – бабалардан жеткен мұра» атты рухани кеш ұйымдастырылып, кітапхана оқырмандары қазақтың күй өнерінен сыр шертетін шығармаларды орындады. «Ерке сылқым», «Көңіл толқыны», «Ер Тұран» күйлерінің шырқалуы ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, қатысушылардың рухани дүниесін байыта түсті. Бұл – кәсіби біліктілікті арттыру мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудың өзара сабақтас екенін көрсететін тағылымды бастама.

Бүгінде еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман тек өз кәсібін жетік меңгерген қызметкер ғана емес, жаңа технологияларды игерген, ақпаратпен жұмыс істей алатын әрі ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жан-жақты тұлға болуы тиіс. Осындай қасиеттерді қалыптастыру кадрларды даярлаудың жаңа моделінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Отырарда өткен зерделі кеңес осы бағыттағы жұмыстың өңірлік деңгейде жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетті. Цифрлық технологияларды кітапхана ісіне енгізу, қызметкерлердің кәсіби білімін үздіксіз жетілдіру және мәдени мұраны ұлықтау секілді бастамалар еңбек әлеуетін нығайтып қана қоймай, қоғамның интеллектуалдық дамуына да серпін береді. Мұндай тәжірибелер адами капиталдың сапасын арттыруға, кәсіби мамандарды қалыптастыруға және мемлекеттік саясатта айқындалған кадр даярлаудың жаңа моделін өңірлерде тиімді жүзеге асыруға қызмет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You