![]()
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі – өнімді еңбек пен тұрақты жұмыспен қамту екенін үнемі атап келеді. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше басымдық береді. Бұл міндеттерді іске асыруда аграрлық әлеуеті жоғары Отырар ауданының қосып отырған үлесі айрықша.
Отырар – ежелден жердің қадірін білген еңбекқор жұрттың мекені. Бүгінде аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан егіншілік пен мал шаруашылығының дамуы тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жүздеген отбасының тұрақты табыс табуына, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына тікелей ықпал етуде.
Биыл Қарғалы ауылында бидайға орақ салу науқаны қарқынды басталды. 60 гектар алқапқа егілген бидайдың өнімділігі диқандардың көңілінен шығып отыр. Ауданда алғашқылардың бірі болып бидай өсіруді қолға алған «Қарабала», «Төлеген» және «Төребек» шаруа қожалықтары төрт жылдан бері тұрақты әрі мол өнім жинап келеді. Бұл – кездейсоқ жетістік емес. Жерді ғылыми негізде өңдеу, агротехникалық талаптарды сақтау, еңбек тәртібі мен заманауи тәсілдерді қолданудың нақты нәтижесі.
Ауыл шаруашылығында еңбек ететін әрбір азаматтың табысы өндірілген өнім көлеміне, оның сапасына және өткізу нарығына тікелей байланысты. Сондықтан жоғары өнім – тек шаруашылықтың ғана емес, онда еңбек етіп жүрген азаматтардың да әл-ауқатының артуына жол ашады. Маусымдық жұмыстар кезінде ауыл тұрғындары қосымша еңбекпен қамтылып, көптеген отбасының кірісі көбейеді. Бұл ауылдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға да оң әсер етеді.
Бүгінде республика бойынша да еңбек нарығында оң үрдіс байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 9,39 миллион адамға жетіп, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Жұмыспен қамтылғандардың елеулі бөлігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді, бұл саланың ел экономикасы мен халықты жұмыспен қамтудағы стратегиялық маңызын көрсетеді.
Отырар ауданында да еңбекке негізделген кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану арқылы тұрғындардың табысын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жастардың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне мүмкіндік беруде.
2026 жылға арналған аудандық бюджетте де ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға және инфрақұрылымды жақсартуға қомақты қаржы қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың жалғасы болып табылады.
Қазіргі таңда еңбек адамының мәртебесін көтеру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе ауылдағы табысты шаруашылықтардың тәжірибесі жастарға еңбекқорлықтың, кәсіп игерудің және туған жердің әлеуетін тиімді пайдаланудың жарқын үлгісін көрсетеді. Жерден несібе тауып, маңдай терімен өнім өндіріп отырған шаруалар ел экономикасының ғана емес, қоғамдағы еңбек құндылығының да нығаюына үлес қосуда.
Қарғалы ауылындағы бидай орағы – жай ғана маусымдық науқан емес. Бұл – еңбек пен жауапкершіліктің, кәсібилік пен табандылықтың нақты жемісі. Осындай мысалдар халықтың кірісін арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамалардың ауылдық жерде нақты нәтижесін көрсетеді. Ең бастысы, еңбекке адал көзқарас қалыптасқан жерде тұрақты табыс та, әлеуметтік тұрақтылық та, ауылдың келешегі де баянды болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
