Шымкент пен Венгрия агроөнеркәсіп саласындағы әріптестікті кеңейтеді

Loading

Шымкентте Қазақстан мен Венгрия кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту, инвестиция тарту және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Форум жұмысына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Саболч Сёке Карой, Венгрияның Бас консулдығының өкілдері, қала әкімдігінің, даму институттарының, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының мамандары, сондай-ақ қазақстандық және венгриялық компаниялардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында шетелдік серіктестерге Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуеті, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері мен өзара тиімді әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері таныстырылды. Әсіресе, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, заманауи технологияларды енгізу және өндірістік кооперацияны жолға қою бағыттарына басымдық берілді. Бұл салаларда тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру екі тарап үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Форумның іскерлік бағдарламасы аясында қазақстандық және венгриялық компаниялар арасында B2B форматында кездесулер өтті. Тараптар инвестициялық ұсыныстарды, жабдықтар мен өнімдерді жеткізу мәселелерін, технологиялық әріптестікті және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер нақты жобаларды пысықтауға және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты дамытуға бағытталды.

Сапар барысында Венгрия делегациясы Шымкенттегі бірқатар кәсіпорынды аралап, олардың өндірістік мүмкіндіктерімен және өнеркәсіптік инфрақұрылымымен танысты. Бұл кездесулер қаланың кәсіпорындарымен іскерлік байланыс орнатуға және болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, өңдеу өндірісін дамытуға және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге арналған маңызды алаң болды. Тараптардың іскерлік диалогы өзара сауда көлемін арттыруға, жаңа жобаларды іске асыруға және екі ел кәсіпкерлері арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға негіз қалайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You