
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде отын-энергетика кешенін жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Сенімді, өзін-өзі қамтамасыз ететін және заманауи энергетикалық жүйе еліміздің тұрақты экономикалық өсімі мен әрбір азаматтың әл-ауқатын жақсартудың берік іргетасқа айналады.
Мәселен, электр энергетикасы саласындағы басты міндет – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін толық қанағаттандыру. Президенттің тапсырмасы аясында алдағы бес жылда кемінде 14 гигаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу міндеті алға қойылды. Бұл жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңғырту мен энергия өндіретін жаңа қондырғылар салу, сондай-ақ гидро және жаңартылатын энергия көздерін дамыту.
2023 және 2024 жылдары 1,3 гигаватт жаңа электр қуаты іске қосылды. 2025 жылы тағы 621,5 мегаватт енгізу процесі жүріп жатыр, ал 2026 жылға 2 648,5 мегаватт жоспарланған. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа стратегиялық нысандар салу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Айталық, Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ал Қызылордада қуаты 240 МВт жаңа ЖЭО салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылымның тозуын төмендету бойынша 9 жылу электр орталығы қауіптілігі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа көшті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды.
ЖЭО-ның тозуын азайту мәселелері — Үкіметтің ерекше бақылауында. Кең ауқымды жөндеу науқаны жүзеге асырылуда: 2025 жылы 10 энергоблокты, 63 қазандықты және 39 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 5 энергоблок, 30 қазандық және 19 турбинада жұмыс жүргізілуде. Ал 4 энергия блогы, 15 қазандық және 9 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жүргізіліп жатқан шаралар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: құрал-жабдықты жаңғырту мен жаңарту нәтижесінде еліміздегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
Өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 ЖЭО апат деңгейі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, 3 ЖЭО сарыдан жасыл аймаққа көшті. Қазіргі уақытта «қызыл» аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 ЖЭО бар.
Жыл сайын тозуды азайту және нысандарды қауіпті аймақтардан қауіпсіз пайдалану аймағына көшіру мақсатында ЖЭО жаңғырту бағдарламасы жүйелі түрде жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
