
Шымкент қаласында әлеуметтік санаттағы тұрғындарды қолдау мақсатында 333 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (1,57 миллион теңгеге дейін) қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек сандарды сөйлетіп, тереңірек тоқталды.
2025 жылдың екі лек бойынша өткізілген конкурсына барлығы 1756 өтініш түсті. Оның ішінде 336 үміткердің жобасы мақұлданып, 333-іне қаржы аударылды. Екі адамның есепшоттары бұғатталуына байланысты гранттан бас тартылды.
Бірінші лекте — 134 адам (65 жеке кәсіпкер, 69 жұмыссыз), екінші лекте 199 адам (101 жеке кәсіпкер, 98 жұмыссыз) қолдау тапты. Комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтті.
Грант иегерлерінің қатарында көп балалы отбасылар – 192, мүгедектігі бар азаматтар – 51, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар – 59, асыраушысынан айырылғандар – 22, атаулы әлеуметтік көмек алушы 9 адам бар.
Жобалар негізінен қызмет көрсету (151), өндіріс (53), кондитерлік және нан өнімдері (37), тігін (35), жартылай дайын өнімдер (24), мал және құс шаруашылығы (12), жиһаз өндірісі (4), сондай-ақ фаст-фуд, ыстық тағам, кофе сияқты басқа бағыттар (17) бойынша іске асырылуда.
Мемлекеттік гранттар азаматтардың жеке кәсіп ашуына, табысын арттыруына және жаңа жұмыс орындарын құруына жол ашпақ. Қаржы қайтарымсыз болғанымен, оның мақсатты жұмсалуын Еңбек мобильділігі орталығы жанынан құрылған мониторинг тобы қадағалайды. Мақсатсыз пайдаланылған жағдайда қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс.
Президент биылғы Жолдауында аталмыш саланы да айналып өтпеді. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн.
Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек. Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді…
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді», — деп біраз мәселенің бетін ашты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
