![]()
«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы бүгін Сайрам ауданына келіп, «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен ұйымдастырылған идеологиялық жұмысты жалғастырды. Экспедицияның мақсаты – ауылдың қазіргі жағдайын зерделеу, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында көтерілген жаңа идеологиялық ұстанымдарды халыққа түсіндіру.
Экспедиция мүшелерін аудан әкімі Мадияр Оразалиев қабылдап, Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Белгілі қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы ауыл – ұлттық құндылықтың өзегі, қоғамның рухани тірегі екенін атап өтіп, жаңа идеологияны ауылдан бастау қажеттігін айтты.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев және «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов та қатысты. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесу барысында жаңа идеологияның негізі – халықпен ашық диалог орнату, тыңдау мәдениетін қалыптастыру, ұлттық сана мен заманауи көзқарасты үйлестіру екені айтылды. Сәуле Мешітбайқызы Мемлекет басшысының басты саяси ұстанымы – халыққа жақын болу, мәселені ортақ талқылау арқылы шешу екенін ерекше атап өтті.
Жиында тұрғындар рухани құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, білім мен руханиятты дамыту, ауылдың интеллектуалды әлеуетін күшейту сынды маңызды мәселелерді көтерді. Сайрам ауданында өткен мазмұнды жүздесу экспедиция жұмысының мәнін айқындап, қоғамды жаңа идеологиялық жаңғыруға ынталандыратын тағылымды кездесу болды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының директоры Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы Сайрам ауданына арнайы келген сапарында білім саласының өкілдерімен де кездесті. Аудан орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ауыл тағдыры — ұлт болашағы» экспедициясы аясында келелі жиын ұйымдастырылды. Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Хамраев, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері С.Мирзаев пен Д.Марифханова, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, әр мектептің ата-аналар комитетінің төраға мен төрайымдары қатысты.
Алдымен қоғам қайраткері басшылық ететін басылымдардың бағыт-бағдары мен жұмысы, олардың қоғамдағы өзгерістерді ақпараттандырудағы рөлі, экспедицияның мақсаты мен ел аралау барысы таныстырылды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев жүргізіп отырды.
Сәуле Мешітбайқызы өз сөзінде жас ұрпақтың болашағын қалыптастыруда әрбір азаматтың жауапкершілігі зор екенін ерекше атап өтті. Ол қазір қоғамда жиі кездесетін отбасылық қиындықтар мен әлеуметтік мәселелер, ұлттық құндылықтардың әлсіреуі мен қыз бала тәрбиесі, жастар арасындағы құқық бұзушылық мәселелерін қозғап, олардың себептері мен алдын алу жолдары жайлы келелі ойлар айтты. Қоғам белсендісінің сөзінше, жас буынның тәрбиесі ең бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі жоғары, ал білім беру ұйымдары мен жалпы қоғам ұрпақ тәрбиесінде бірлесіп, әрекет етуі тиіс.
Кездесу барысында қатысушылардың бала құқығын қорғау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерінің мәні жөнінде пікір алмасты. Ел ішінде көтеріп жүрген ауқымды мәселелердің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, білім қызметкерлерінің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.
Жүздесуде ұлттық салт-дәстүр, тіл, отбасылық құндылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастарды теріс қылықтардан бой алдыру туралы әңгіме өрбітті. Отбасы, мектеп және қоғамның бірлесе жұмыс істеуі ғана жас ұрпақ бойына рухани құндылықтарды толық қалыптастыратынын атап өтті.
Жиынға қатысушылар өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары оқу бағдарламасына әдеп және құқықтық сауаттылық пәндерін енгізу, ата-аналар форумдары секілді ауқымды шараларға қоғам белсенділерін тарту, оқушыларға сабақ уақытында ұялы телефон ұстауға шектеу қою секілді бірнеше ұсыныстарын білдірді.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дайылбайұлы Сәуле Мешітбайқызына және экспедиция мүшелеріне мазмұнды кездесуі мен тағылымды әңгімесі үшін аудан халқы атынан алғыс айтып, еңбектеріне табыс тіледі.
Сонымен қатар ауданның білім саласындағы соңды жаңалықтарды, ұстаздар мен білім алушылардың шығармашылық жетістіктерін кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық қолдау көрсететілетінін жеткізіп, жергілікті тұрғындарды басылымдарға жазылу үшін белсенділік танытуға шақырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
