
Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес, Ақсукент гуманитарлық техникалық колледжінің мәжіліс залында «Танымал тұлғамен жүздесу» тақырыбында ұйымдастырылған шараға «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері және өңір жастары қатысты.
Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Айтбаев ашып, жастарды ел дамуына белсенді үлес қосуға, бірлік пен білімділікті басты құндылық ретінде ұстануға шақырды.
Кездесу барысында қадірлі қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісті. Айталық, Абзал Иманалиұлы Құттыбеков Сайрам ауданының Ақсу ауылында 1991 жылы дүниеге келген. 2019 жылы Қытай Халық Республикасында өткен бокстан ересектер арасындағы Әлем чемпионатында ІІ орын иегері, 2021 жылы Ресей Федерациясында өткен бокстан әскерилер арасындағы Әлем чемпионатында І орын иегері.
Ал Абылай Ұлықбекұлы Талғат Сайрам ауданының Ақсу ауылында 2009 жылы дүниеге келген. 2025 жылдың 15-24 ақпан аралығында Румыния Республикасының Браила қаласында өткен бокстан юниорлар арасындағы «DRACULA OPEN» Халықаралық жарыста ІІ орынды иеленген.
Абзал мен Абылай спорт саласындағы өз тәжірибелерінен мысалдар келтіре отырып, табысқа жетудің басты кілті – тәртіп, тұрақтылық және өз ісіне сүйіспеншілік екенін атап өтті. Олар жас буынды салауатты өмір салтын ұстануға және спортты серік етуге үндеді.
Кездесу соңында жастар пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып тұщымды жауаптар алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
