![]()
Түркістан қаласында қорытындыланған дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивілінде Сауран ауданы жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орынға ие болды. Мәдени шараның салтанатты жабылу рәсімінде үздік өнер ұжымдары мен шығармашылық топтар марапатталып, фестивальдің қорытындысы жарияланды.
Биылғы байқау нәтижесінде Бас жүлде Ордабасы ауданының еншісіне тисе, І орынға Жетісай мен Түлкібас аудандары лайық деп танылды. Ал Сауран, Мақтаарал және Сарыағаш аудандары ІІ орынды бөлісті. ІІІ орын Кентау қаласы, Сайрам, Келес және Қазығұрт аудандарына берілді.
Фестивальдің басты мақсаты – өңірлердегі мәдениет пен өнердің дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, шығармашылық ұжымдардың кәсіби шеберлігін арттыру және халықтың рухани-мәдени өмірін жандандыру. Осы бағытта Сауран ауданы фестиваль аясында ұлттық өнерді, салт-дәстүр мен тарихи-рухани мұраны дәріптейтін мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынды. Аудан өнерпаздары ән мен күйді, дәстүрлі өнердің түрлі бағыттарын сахналық қойылымдармен сабақтастырып, көрерменге мазмұнды бағдарлама тарту етті.
Шығармашылық ұжымдардың ізденісі, орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениеті жоғары бағаланып, ауданның мәдени әлеуетін тағы бір мәрте танытты. Жүлделі ІІ орын – Сауран ауданында ұлттық өнерді дамытуға, шығармашылық ұжымдарды қолдауға және мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсететін маңызды жетістік.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
