Сауран ауданында отандық өнімді танытатын заманауи көрме орталығы жұмысын бастады

Loading

Сауран ауданында кәсіпкерлікті дамытуға, жергілікті тауар өндірушілердің өнімін кеңінен танытуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа нысан пайдалануға берілді. Түркістан қаласына іргелес орналасқан «Sauran» шағын өнеркәсіптік паркінің аумағынан ашылған заманауи көрме орталығы өңірдің өндірістік әлеуетін таныстыратын маңызды алаңға айналмақ.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, аудан ақсақалдары, еліміздің өзге өңірлерінен келген делегация өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Салтанатты шара аясында «Түркістанда жасалған» атты жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, өңірде өндірілетін өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге Түркістан облысынан 50-ден астам тауар өндіруші қатысып, өз кәсіпорындарының өнімдерін таныстырды. Олардың қатарында өңірдің өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетін көрсететін түрлі бағыттағы отандық өнімдер бар. Көрмені аралаған облыс әкімі, вице-министр және еліміздің оннан астам өңірінен келген 130 делегат пен бизнес өкілдері жергілікті өндірушілердің жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге ұсынылып отырған мүмкіндіктер жөнінде ақпарат алды.

Екі қабатты көрме орталығының жалпы аумағы 4 428 шаршы метрді құрайды. Оның 2 592 шаршы метрі көрме залына, ал 1 836 шаршы метрі әкімшілік-тұрмыстық кешенге бөлінген. Ғимаратта көрме кеңістігінен бөлек, кеңсе бөлмелері, конференц-зал, лобби, кофехана, асхана және келушілерге қажетті өзге де орындар қарастырылған. Сонымен қатар нысанға көлемі 358,5 шаршы метр болатын LED-экран орнатылған.

Орталықтың инфрақұрылымы халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерді, форумдар мен іскерлік кездесулерді өткізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға, жаңа серіктестер табуға, іскерлік байланыстар орнатуға және отандық тауарлардың нарықтағы орнын нығайтуға жол ашады.

Жаңа орталықтың ашылуы Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылған «Түркістанда жасалған» көрмесімен және республикалық деңгейдегі форуммен қатар өтті. Осылайша, нысан алғашқы күннен-ақ өңір кәсіпкерлерінің басын қосып, жергілікті өндіріс мүмкіндіктерін таныстыратын іскерлік алаң ретінде жұмысын бастады.

Сауран ауданында бой көтерген көрме орталығының басты маңызы – дайын өнімді көрсетуге арналған ғимарат болуымен ғана шектелмейді. Ол кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар арасындағы байланысты нығайтуға, өңірде өндірілетін тауарлардың танымалдығын арттыруға және Түркістан облысының экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға қызмет ететін болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You