![]()
Сауран ауданында өндіріс саласын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – “Sauran Plast” кәсіпорны. Экологиялық жауапкершілік пен заманауи өндірісті ұштастырған мекеме полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеп, оларды жаңа өнімге айналдыру арқылы қоршаған ортаны қорғауға және өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.
Жоба құны 1 милиард теңгені құрайтын өндіріс орнында 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1200 тоннаға дейін полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл – тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, шикізатты тиімді пайдалану арқылы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Қайта өңдеу өндірісін дамыту – жасыл экономиканы қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, “Sauran Plast” кәсіпорны Сауран ауданындағы инвестициялық жобалардың жарқын үлгісі ретінде өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Пластик демекші, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округіндегі арнайы экономикалық аймақта «Bereke plastic» ЖШС бір реттік пластикалық ыдыстар өндіретін зауыт жобасын жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс кезең-кезеңімен іске қосылып, толық қуатына жеткенде кәсіпорында 300-350 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Аталған өндіріс орны ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімдерін Қазақстанмен қатар Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясына экспорттауды көздейді. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті әртараптандыру, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру және жасыл экономиканы дамыту – Қазақстанның орнықты дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде елде қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвестиция тарту мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2025 жылдың қорытындысында шамамен 26 пайызға жетіп, алдағы жылдары бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Осындай мақсаттарға қол жеткізуде өңірлердегі өндірістік жобалардың маңызы ерекше. Сауран ауданындағы «Sauran Plast» кәсіпорны мен іске асырылып жатқан «Bereke plastic» зауыты өңірдің индустриялық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және қалдықтарды экономикалық айналымға қайта енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – экологиялық жауапкершілік пен экономикалық тиімділікті ұштастырған, Сауранның өндірістік даму қарқынын айқындайтын маңызды жобалардың бірі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
