![]()
Сауран ауданында өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды. Аудан аумағындағы арнайы экономикалық аймақта «Тұран химиялық компаниясы» ЖШС синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсімін өткізді. Құны 200 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба ауданның инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістік бағыттың қалыптасуына негіз болмақ.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары мен өзге де қонақтар қатысты. Жиында облыс әкімі жаңа кәсіпорынның өңірдің индустриялық дамуы мен агроөнеркәсіп кешені үшін маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімге 25 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында қол қойылған болатын. Бұл бастама екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі саналады.
Облыс басшысының айтуынша, Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығының дамуына байланысты агрохимия саласын өркендетудің маңызы зор. Қазіргі таңда тыңайтқыштарға деген ішкі сұраныстың едәуір бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Сондықтан Сауран ауданында қолға алынған өндіріс отандық нарықты қажетті өніммен қамтуға және сырттан жеткізілетін тауарларға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак және 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіруге қауқарлы болады. Зауыт толық іске қосылғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жаңа өндіріс орны Сауран ауданының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға тың серпін береді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігін өтеуге ықпал етеді.
Осылайша, ауданда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба Сауранның экономикалық дамуындағы маңызды қадамдардың біріне айналып, өңірдің жаңа өндірістік орталық ретінде қалыптасуына жол ашпақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
