Сауран ауданында «Амина» кондитерлік цехы ашылды

Loading

Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны ашылды. Кәсіпкер Обиджон Омаров бастамасымен іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы бүгінде түрлі тәтті өнімдер өндіруді қолға алды.

Кондитерлік цехта рогалик, түрік пахлавасы, сухарик, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Олардың ішінде рогалик, бисквит пен сухарикке сұраныс жоғары. Кәсіпорын тәулігіне 600 қорапқа дейін, шамамен 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда мұнда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Астана және Жезқазған қалаларына жөнелтіледі. Бұл өндіріс орнының өнімдері өңірлік нарықпен қатар, еліміздің өзге қалаларында да сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі — франшиза арқылы Өзбекстаннан алынған арнайы технологияны пайдалануында. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері тоңазытқышта сақтауды қажет етпей, 30 күнге дейін сапасы мен дәмін жоғалтпайды. Мұндай өнім түрі кәсіпорында ерекше технология бойынша әзірленеді.

Айтпақшы, Сауран ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікке серпін беретін тағы бір ірі жоба жүзеге асуда. “ХДС и компания” ЖШС бүгінде қант, түрлі тәтті кәмпиттер мен печенье өнімдерін, сондай-ақ газдалған және газдалмаған ауыз су өндіру бағытын қолға алып, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға өз үлесін қоспақ.

Құны 550 миллион теңгені құрайтын бұл жоба – аудан экономикасына тың серпін беретін маңызды бастамалардың бірі. Кәсіпорын іске қосылғанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік туады.

Жоба иелері алдағы уақытта өндірілген өнімдерді аудан аумағындағы сауда орындары мен базарларды жергілікті тауарлармен толықтыруды көздеп отыр. Бұл – бір жағынан отандық өнімнің беделін арттырса, екінші жағынан өңірдегі кәсіпкерліктің қанат жаюына жол ашатын игі қадам.

Сауран төрінде өркен жайған осындай өндіріс орындары ауданның экономикалық дамуына дем беріп қана қоймай, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтермек.

Мұнан өзге Сауран ауданында азық-түлік өндірісі саласында ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, “Дәморда” өндіріс аймағында “Ғажайып” кондитерлік өнім шығаратын зауытының құрылысы жүргізілуде.

Жобаның жалпы құны 750 миллион теңгені құрайды. Өндіріс орны іске қосылған жағдайда тәулігіне 10 мың бөлке нан және 300 данаға жуық түрлі нан өнімдерін шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіпорында қазіргі таңда сұранысқа ие глютенсіз нан өнімдері де өндірілмек.

Аталған жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отандық өнім көлемін арттыруға және халықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ, жаңа өндіріс орны арқылы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Бүгінде Сауран ауданында кәсіпкерлікті дамыту мен өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандырудың негізгі тетігі – өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті дамыту екенін үнемі айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті ұлғайту және импортты алмастыратын жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп, азық-түлік өндірісі де қарқынды дамып келеді. Бұл үрдіс өңірлерде жаңа өндіріс орындарының ашылып, жұмыс орындарының көбеюіне жол ашуда. Сауран ауданында іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы, жүзеге асырылып жатқан «ХДС и компания» және «Ғажайып» зауыттары осы саясаттың нақты нәтижесі деуге болады. Жалпы құны миллиардтаған теңгені құрайтын бұл жобалар жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, «Қазақстанда жасалған» өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін көбейтуге және экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге берік негіз қалыптастырып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You