Сауран ауданында елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешені бой көтеріп келеді

Loading

Сауран ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ескі Иқан ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жаңа кешеннің ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырланып, өндірістік үдерістердің өзара байланыста ұйымдастырылуы. Жоба толық іске қосылғанда ауданның мал шаруашылығы мен ет өндірісінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Ескі Иқан ауылдық округіне барып, «Түркістан ет өнімдері» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құрылыс барысымен танысты. Кешеннің өндірістік қуаты, инфрақұрылымы және іске қосылғаннан кейінгі жұмыс бағыты туралы жоба бастамашысы баяндады.

Өңір басшысы нысанды аралау барысында шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әңгіме барысында мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісінің көлемін ұлғайту, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту және өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейту мәселелері қозғалды. Мемлекеттік қолдау тетіктері де талқыланды.

Нұралхан Көшеров жобаның аудан экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, құрылысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың қажеттігіне назар аударды. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

Жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын кешеннің инвестициялық құны — 1,3 миллиард теңге. Мұнда бір мезгілде 5 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған алаң және тәулігіне 120 басқа дейін мал союға мүмкіндік беретін өндірістік алаң қарастырылған. Сонымен бірге малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және қажетті қосымша инфрақұрылым нысандары салынуда.

Қазіргі уақытта әкімшілік ғимараты құрылысының 80 пайызы орындалған. Мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Жобаның ауқымын арттыра түсетін тағы бір бағыт – кешен маңында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңының салынуы. Бұл жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген. Барлық жоба толық қуатына шыққан кезде 120 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Кешеннің басты артықшылығы – мал бордақылау алаңдарының бір аумақта шоғырлануы. Бұл тәсіл инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, логистикалық шығындарды оңтайландыруға және мал бордақылау үдерісін бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сою және өңдеу бағыттарының бір жерде орналасуы өндірістік тізбекті қысқартып, өнімді өткізу мүмкіндігін кеңейтеді.

Жобаның іске қосылуы Сауран ауданында мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге жол ашпақ. Заманауи технологияларға негізделген өндіріс ет көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті шаруалардың өнімін тұрақты өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.

Сауран ауданында қолға алынған бұл жоба агроөнеркәсіп саласындағы өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ. Кешеннің толық іске қосылуы аудан экономикасына серпін беріп, Түркістан өңірінің ет өндірісін ұлғайту және экспорттық әлеуетін күшейту мақсатына өзіндік үлес қоспақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You