Сауран ауданында тәулігіне 20 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін өңдеу көзделіп отыр

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «BAUDAN EXPORT» ЖШС өкілдерімен кездесіп, аудан аумағында көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерін кептіру және терең өңдеу арқылы эфир майын өндіру жобасын іске асыру мәселесін талқылады.

Кездесу барысында инвесторлар тарапынан жобаның негізгі бағыттары, өндірістік қуаты, шикізат базасы және экономикалық тиімділігі таныстырылды. Жобаның жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс орны іске қосылған жағдайда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Жоба аясында тәулігіне 20 тоннаға дейін көкөніс өнімдерін өңдеу көзделген. Өндіріске қажетті шикізат жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімінен алынады. Бұл аудан шаруалары үшін өнім өткізу көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жергілікті өндіріс тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар болашақта нарық сұранысына сәйкес көкөніс түрлері мен өндіріс көлемін арттыру қарастырылуда. Осы мақсатта жергілікті шаруалармен алдын ала келісімшарт негізінде өнім көлемін жоспарлау және тапсырыс беру тетіктері пысықталатын болады. Аудан әкімі инвестициялық жобаның аудан экономикасы үшін маңызын атап өтіп, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша құнын арттыру басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық мәселелерін зерделеп, алдағы уақытта нақты жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу жөнінде пікір алмасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You