![]()
Сауран ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кеңейтілген кездесу-жиналысы өтті. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Кездесуге ауданның ақсақалдары мен ардагерлері, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйымдар, жастар, сала мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Аудан көлемінде экологиялық акция аясында сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар мен әлеуметтік нысандардың аумақтары тазартылуда. Сонымен қатар заңсыз қоқыс орындарын жою, ағаш көшеттерін отырғызу, арық-атыздарды тазалау, қоғамдық орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстарға тұрғындар, еріктілер, жастар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосуда.
Күн тәртібіне сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақселеу Сейденбек, «Сауран-Тазалық» ЖШС басшысы Элзод Мавленов, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Мамырхан Мұсаханов, «Жасыл Сауран» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысшысы Алтынкүл Бакирова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердалы Баймұратов және аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырды.
Кездесу сұрақ-жауап форматында қорытындыланып, айтылған ұсыныстар алдағы кезеңдегі жұмыстардың тиімділігін арттыруға негіз болатыны айтылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
