Шымкент: Қала әкімі мегаполистің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылауда ұстап отыр

«Алдағы жылыту маусымына дайындық – басты басымдықтарымыздың бірі. Сіздерді жылу беру маусымының қалыпты әрі үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырғым келеді», — деп жазды бүгін Ғабит Сыздықбеков «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.

Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінде жылумен қамту нысандарында ауқымды қалпына келтіру және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Гидравликалық сынақтардың нәтижесінде 98 ақау анықталып, оның 68-і жойылған. «Бұл — ақаулардың шамамен 70 пайызы. Жөндеу жұмыстары тек магистральді желілерде ғана емес, ішкі орамдық жүйелерде де жалғасып жатыр», — дейді қала әкімі.

Көпқабатты тұрғын үйлерді дайындауға ерекше назар аударылған. Қазір 2 154 көпқабатты тұрғын үйдің 456-сы дайындалыпты. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт мекемелері де жоспарлы түрде әзірленіп жатыр. 212 нысанның 104-і дайын екен.

«Бұған қоса, қазандықтар мен сорғы станцияларының да дайындығы қатар жүргізілуде. 27 қазандықтың — 16-сы, 40 мектеп қазандығының 20-сы дайын. Сорғы станцияларында да жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр. Мұнда жоспарланған жұмыстың 47 пайызы орындалды» — деп атап өткен Ғабит Сыздықбеков.

Қазіргі таңда жабдықтарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. 1 қыркүйекке дейін ескі құбырлардың жылу оқшауламасы толық ауыстырылады. Сонымен қатар, 2 927 шибер тексерілуде, олардың шамамен 80-і жаңасына ауыстырылады екен. Бірқатар нысандарда ғимараттар мен қоршауларды сырлау, әктеу жұмыстары да жүріп жатыр.

Шаһар басшысының айтуынша, қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтар үшін 1 650 тонна көмір сатып алу жоспарланған. Қаладағы ауқымды жобалардың бірі аясында 137 учаскеде 33,2 шақырым жылу құбыры ауыстырылады. Бұл жұмыстар 10 қазанға дейін аяқталады. Бұған қоса, «Күншығыс» шағынауданындағы желілер жаңартылуда. Онда ұзындығы 0,45 шақырым құбыр ауыстырылады.

Сонымен қатар, 2029 жылға дейінгі ұлттық жоба аясында ТЭЦ-3-тен ОНС-1 негізгі сорғы станциясына дейінгі магистральды жылу желісі қайта жаңғыртылады. Жалпы ұзындығы 17 шақырым құбыр жаңарады. Жобаның алғашқы кезеңі 2025–2026 жылдарға жоспарланған. Осы аралықта 4,5 шақырым құбыр ауыстырылады.

«Барлық жұмыс бір ғана мақсатты көздейді — тұрғындарды жылусыз қалдырмай, қыс мезгілін қалыпты әрі қауіпсіз өткізу» — дейді қала әкімі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You