![]()
Шымкентте мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық пен жауапкершілікті күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және мүдделер қақтығысына жол бермеу мәселелері қаралды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтіп, тиісті мемлекеттік органдардың атқарған жұмысы мен алдағы міндеттері сараланды.
Жиынға құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердің сақталуы, мүдделер қақтығысын болдырмау, ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және мемлекеттік сатып алу саласындағы осал тұстарды жою мәселелері шығарылды.
Отырыста Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Мырзатаев және Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Ниязбеков баяндама жасап, өз бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен анықталған тәуекелдер туралы ақпарат берді.
Талқылау барысында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енетіні атап өтілді. Жаңа талаптар жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың, жекжаттардың және өзге де өзара байланысты адамдардың тікелей бағыныстылығына жол бермеуге бағытталған. Бұл талап мемлекеттік қызметтегі шешім қабылдау үдерісінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетіктердің бірі болмақ. Осыған байланысты қала әкімі мүдделер қақтығысын анықтау мен оның алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әрбір анықталған жағдайға формалды емес, заң талаптарына негізделген объективті баға беріп, тиісті шешім қабылдау қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына өздеріне қарасты құрылымдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тұрақты бақылауда ұстау, мүдделер қақтығысына жол бермеу және мұндай жағдайлар туындаған кезде оларды заңнама талаптарына сәйкес дер кезінде реттеу міндеттелді.
Жиында тәуекелдерді анықтау ғана емес, олардың себептерін жою мәселесіне де басымдық берілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды қабылдамаған басшылардың жеке жауапкершілігіне назар аударылды. Заң бұзушылыққа жол берілгеннен кейін әрекет етумен шектелмей, оны туындататын себептерді алдын ала анықтау қажеттігі атап өтілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген міндеттерді сапалы орындау, қабылданған ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды. Бұл ретте мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде жолға қою, алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және әр басшының жеке жауапкершілігін күшейту негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
