Шымкент қаласының әкімі Қарабастау шағынауданын табиғи газға қосу шарасына қатысты

Ғабит Сыздықбеков бүгін жергілікті тұрғындар асыға күткен Қарабастау тұрғын алабын табиғи газға қосу шарасына қатысты. Шамамен 9 мың халқы бар бұл елдімекен бүгінге дейін «көгілдір отынмен» қамтылмаған еді.

Әлбетте, жобаның іске асуы барлық мүдделі тараптардың үйлесімді әрі жүйелі жұмысының жемісі дер едік. Нәтижесінде 1408 үйге орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігі берілді. Бұл — тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған жұмыс.

Шаһар басшысы азаматтарды осы маңызды оқиғамен құттықтап, жобаны іске асыруға атсалысқан мамандарға алғысын білдірді. «Қарабастау шағынауданына газ берілуі — бұл жай техникалық шара ғана емес, елдімекеннің тұрақты дамуына және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған маңызды қадам», — деді Ғабит Сыздықбеков.

Газға қосылу тұрмыстық жағдайды едәуір жақсартады және қатты отынды пайдалануды азайтады, бұл экологиялық жағдайға да оң әсер етері анық.

Қала әкімі сонымен қатар заманауи жылжымалы «ДЛС-АВТО» («Пергам») зертханасының жұмысымен танысты. Бұл жүйе жерді қазбай және жер асты құбырларын ашпай-ақ, инфрақұрылымның ауқымды аумақтарын қашықтан тексеруге және табиғи газдың шығуын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, газдың шығуын қашықтықтан анықтайтын озық технологияны Шымкент қаласы әкімдігі республикада алғашқылардың бірі болып енгізді. Бұл мегаполистің инженерлік жүйелерін дамытып, қауіпсіздік шараларын қамтуда маңызды қадам болып табылады.

Презентация барысында құрылғының жұмыс істеу тәртібі мен техникалық мүмкіндіктерін қала әкімінің жеке өзі көріп шықты. Зертхана жоғары сезімталдыққа ие лазерлік детекторлармен жабдықталған. Олар газдың тіпті көзге көрінбейтін, қол жетуі қиын аумақтағы кішігірім ақауды да 60 метрге дейінгі қашықтықтан анықтай алады.

Бұл құрылғы апатты жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтып, газ желілерінің сенімділік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жылжымалы зертхана газ желілерінің техникалық жай-күйін бақылауда маңызды құралға айналатынына және қалалық инфрақұрылымның одан әрі технологиялық дамуына үлес қосатынына бек сенімдіміз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You