![]()
Есепті кездесулердің қорытынды күнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданының тұрғындарымен жүздесті. Асар, Ынтымақ, Ынтымақ-2 және Жайлау шағынаудандарының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, аумақтарды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Тұрғындардың өтініштері қатарында баспана кезегіне тұру мен абоненттерді газ желісіне қосу, механикалық газ есептегіштерін электронды есептегіштерге ауыстыру, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелері бар.
Кездесуде мектептер, балабақшалар мен учаскелік полиция пункттерін салу қажеттігі де айтылды. Қала әкімі Асар шағынауданында Мәдениет үйін салу және №89, №90, №95 мектептеріне қосымша корпустар тұрғызу жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар Жаңаталап және Бозарық тұрғын алаптарында учаскелік полиция пункттері ашылады.
Бұдан бөлек, азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру және саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау, жолдарды кеңейту, кәріз желілерін жүргізу және абоненттерді кәріз жүйесіне қосу мәселелері де қаралды.
Қала әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе назарда болатынын атап өтті. Олардың бірқатарын шешу үшін қосымша қаржы қаражаты, жобалық шешімдер әзірлеу және белгілі бір уақыт қажет. Осыған байланысты тиісті жұмыстар қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып, кезең-кезеңімен жалғасады.
Сонымен бірге, қала басшысы қалалық ортаның жай-күйі тек коммуналдық және тиісті қызметтердің жұмысына емес, тұрғындардың өз жауапкершілігіне де байланысты екенін айтты. “Тазалық пен тәртіпті сақтау әр азаматтың күнделікті мәдениеті мен ортақ ортаға деген жанашырлығынан басталады”, — деді Ғабит Сыздықбеков.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
