![]()
Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен салтанатты шарада Бозарық шағынауданындағы жаңа көпқабатты үйлерден тағы 40 отбасы баспаналы болды. Қала әкімі жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, отбасыларға береке мен бақ-дәулет тіледі.
Жаңа пәтерлер сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылды. Бір, екі және үш бөлмелі баспаналар толық әрленіп, тұрғындардың жайлы қоныстануына қажетті жағдай жасалған. Жаңа қоныс иелері қатарында әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар, мүгедектігі бар тұрғындар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Баспана беру – қаладағы әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін азаматтарды кезекпен қамту және жаңа тұрғын үй жобаларын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға басымдық беріліп, олардың баспаналы болуына мүмкіндік жасалуда. Әрбір отбасының өз шаңырағына қол жеткізуі – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Биыл Шымкентте жалпы 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер қарастырылған. Қазіргі таңда жоспарланған баспананың 3 370-і тұрғындарға табысталды. Қалған пәтерлерді жыл соңына дейін кезең-кезеңімен беру көзделіп отыр.
Жаңа баспананың кілтін алған 40 отбасы үшін бұл күн – көптен күткен қуаныштың бастауы. Қалада тұрғын үй құрылысын арттыру, жаңа жобаларды іске асыру және баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
