Шымкент қаласының әкімі шаһардың инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің кезекті аралауы барысында «Тұран» шағынауданындағы Дастан мен Шырайлы, Өсиет пен Қыран және Байжігітов көшелерінде жүргізіліп жатқан жол жұмыстарын және «Бозарық» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын тексерді.

Тексеру барысында шаһар басшысы мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты белгіленген мерзімде сапалы және құрылыс нормаларына сай аяқтаудың маңыздылығын айтты.

Әрі қарай әкім Әл-Фараби ауданында орналасқан №2 жеңіл атлетика мен велосипед спортынан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне тиесілі көпфункционалды ашық алаңның құрылысын қарап шықты. Бұл жаңа спорт кешені спортшыларға жүгіру, ұзындыққа секіру, найза, балта және диск лақтыру, ядро серпу сияқты жаттығулармен айналысуға және велоспорт бойынша жаттығулар өткізуге мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар қала басшысы Жангелдин көшесінің ағымдағы жағдайын, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды және Жангелдин мен Быковский көшелеріндегі жаңа қоғамдық кеңістік салуға арналған аумақта да болды. Әкім жауапты тұлғаларға сауда орындарын заң талаптарына сәйкестендіру, қасбетін бірыңғай дизайн-кодқа сай келтіру және тұрғындарға қолайлы нысандардың жобасын дайындау міндетін қойды.

Бұдан бөлек Ғабит Сыздықбеков Бекет Батыр көшесіндегі аллея бойында асфальт жамылғысын ауыстыру барысын да тексерді. Өз кезегінде мердігерге барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды, ал аудан әкіміне жарықтандыруды реттеу мен қосымша қоқыс жәшіктерін орнатуды және Диваев көшесіндегі қоғамдық кеңістіктегі балалар ойын жабдықтарын қалпына келтіруді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You