Шымкент қаласының әкімі тұрғын үй, газдандыру және әлеуметтік инфрақұрылым жобаларының барысын тексерді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында тұрғын үймен қамту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету бағытындағы жұмыстардың барысын тексерді. Аралау кезінде тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін жобалардың жүзеге асырылуына басымдық берілді.

Қала басшысы 40 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысып, жаңа қоныстанушыларды құттықтады. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында берілген баспаналар көпбалалы және толық емес отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұяларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ұсынылды. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстың жалғасып жатқанын көрсетеді.

Тұран ауданын аралау барысында аумақты кешенді абаттандыру жоспары қаралды. Жобада сәулеттік-көркемдік жарықтандыру, көгалдандыру және гүлмен безендіру, субұрқақ салу, балалар алаңдарын жаңғырту көзделген. Сонымен қатар «Кіші Самал» аллеялары мен сәндік су айдынын абаттандыру жоспарланған. Қала әкімі аудан әкіміне жобалардың сапалы әрі жүйелі іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Eco Cashback» ЖШС-нің бастамасы да таныстырылды. Жоба қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды ынталандыруға бағытталған.

Қайнарбұлақ тұрғын алабында «Aqуl Energy» бағдарламасы аясында телеметрия жүйесі бар электронды газ есептегіштерді енгізу барысы қаралды. Қаладағы жеке секторда орнатылған 144 мың механикалық есептегішті тұрғындарға ақысыз ауыстыру жоспарланған. Бүгінде оның 72 мыңы электронды құрылғыларға алмастырылды. Жаңа жүйе көрсеткіштерді автоматты түрде беріп, тұтыну туралы ақпаратты мобильді қосымша арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек қала әкімі «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауовпен бірге «Alsera KZ» ЖШС-не барды. Мұнда 162 гектар аумаққа заманауи жылыжай кешенін салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның алғашқы кезеңінде 40 гектар жылыжай пайдалануға берілген.

Жаңаталап тұрғын алабында жедел қызметтердің әмбебап кешенінің құрылысы да тексерілді. Мұнда полиция, төтенше жағдайлар қызметі және жедел медициналық жәрдем бөлімшелері орналасады. Құрылыс басқармасына нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру тапсырылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You